Алапат орман өрті: Лос-Анджелес маңынан 20 мың тұрғын эвакуацияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Калифорния штатында алапат орман өрті болып жатыр. Лос-Анджелес қаласының оңтүстік бетінде болып жатқан табиғат апатының салдарынан 20 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жау қазірдің өзінде 13 үйді жалмап үлгерген, деп хабарлайды ТАСС Associated Press-ке сілтемемен.
Өрт 80 шаршы километр аумаққа таралып кеткен. Тілсіз жаумен 1500-ден астам өрт сөндіруші арпалысып жатыр. Жалынның шамамен 30 прцентін ғана ауыздықтау мүмкін болған.
Бейсенбі күн Калифорния штатының губернаторы Джерри Браун апат әбігерге салған Ориндж және Риверсайд округтерінде төтенше жағдай жариялаған болатын.
Штат аумағында 17 жерден өрт шыққан. Олардың жалпы аумағы 1,8 мың шаршы километр жерді алып жатыр. Өртті сөндіруге 18 штаттан 14 мыңнан астам өрт сөндіруші жұмылдырылған. Одан бөлек Австралия мен Жаңа Зеландиядан көмек күші жетпек.
Түрлі мәліметтер бойынша оқиға салдарынан 8-10 адам құрбан болған.