«Алаш-Алжир» жинағының алғашқы томдары жарық көрді
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Ақмол ауылынында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешенінде мекеме ұжымы шығарған «Алаш-Алжир» екі томдық кітабының таныстырылымы болды.
«Алаш-Алжир» кітабы еліміздің 20 жылдық мерейтойына және оның басты қазынасы - тоталитаризм ауыртпашылығын бірге көтерген Қазақстан халқына арналады», - делінген редакциялық алқаның кіріспе сөзінде. Үш тілде жарық көріп отырған еңбектің бірінші томында «Алашорда» партиясының, тәуелсіз және біртұтас Түркістан идеясының көшбасшылары туралы материалдар жинақталған. Сондай-ақ осы томда өткен ғасырдың 30-50 жылдардағы саяси репрессиялар мен күштеп жер аудару жайында жазылған мақалалар бар. Ал кітаптың екінші томында «Алжир» тұтқындарының сормаңдай тағдыры туралы баяналады. Бұл басылымда сол кездегі ГУЛАГ-қа қарасты Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде дүниеге келген 1507 баланың толық тізімі де берілген.
«Мен үшін «Алаш-Алжир» кітабының екі томы сол кездегі қасіреттерге қойылған тағы бір ескерткіш тәрізді. Бұл кітап тұрақты серияға айналып, жалдан-жылға жалғасатын еңбек болады деп сенемін. Себебі бұл еңбекте берілген тізімдегі әрбір адамның артында қаншама тағдыр бар», - дейді тарихшы-ғалым Тұрсын Жұртбай.