Алаш ардақтысы С. Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлі елге оралады

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Алаштың ардақтысы Смағұл Сәдуақасұлының өртенген сүйегінің күлі Астанаға әкелініп, мұсылман ғұрыптарына сай жерленетін болады.

Алаш ардақтысы С. Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлі елге оралады

Бұл туралы бүгін журналистерге Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың біртуар азаматының құрметіне арналған «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция кезінде мәлім етілді.

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отырған шараны Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы ұйымдастырды. Жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.

Қазақстан қайраткері С.Садуақасұлының өртенген сүйегінің күлі осыдан 77 жыл бұрын Мәс­кеудегі "Дон зираты" ("Донское кладбище") бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып, осы күнге дейін мұсылманша жерленбеген. Асыл азамат 33 жыл ға­на ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.

1925-1927 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариатын (министрлігін) басқарған мемлекет және қоғам қайраткері С.Садуақасовтың туғанына биыл 110 жыл, қайтқанына 77 жыл толып отыр. 2010 жылдың соңына таман белгілі мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлін Отанына жет­кізу және мұсылман ғұрпымен жер­леу мәселесі көтерілді.

«Негізгі мәселелер шешіліп қойған. Тек ұйымдастырудың қажет болып тұрғаны. Ресейге шығып, ондағы істі тиісті түрде аяғына дейін жеткізу керек. Егер мемлекет және Астана басшылығы барлық шараларды атқарып бітірсе, меніңше ол кісінің күлі қаңтар-ақпан айларында елордаға жеткізіледі»,-дейді саясаткер Сабыр Қасымов.

20 жасында - ұлт жастарының көш­басшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту ми­нист­рі болған Смағұл Садуақасұлының атқарған қыз­меті мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйы­мы «Бірлік» (1916-1918) пен «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс коми­те­тінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлт­тары жастарының орталық бю­росында (1920), Қазақ автоно­мия­лық республикасының Жастар ода­ғында (1920), Қазақ ОАК төрал­қа­сында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан авто­но­миялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық рес­пуб­ликасы Жоспарлау комиссия­сында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика институтында (1927-1928) жауапты да жетекші қызмет атқарды.

Жастайынан саясаттың өтінде жүріп, ұлт мүддесі үшін күресті. Қызметте жү­ріп-ақ ол «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Өртең» газеттері мен «Балапан», «Тру­довая Сибирь», «Жас қазақ» жур­налдарында қосымша қызмет ат­қарып (кейбірін уақытша бас­қарып), 1924-1925 жылдары «Қызыл Қа­зақстан» (бүгінгі «Ақиқат») жур­на­лына, 1925-1926 жылдары «Ең­бек­ші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қа­зақстан») газетіне редактор болды.