Алаш арыстары жапондардың бағдарламасын жан-жақты зерттеген – Нағашыбек Алдан

: Алаш арыстары жапондардың бағдарламасын жан-жақты зерттеген
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Жапония Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына кірігуді үнемі ойда ұстайды деп жатады. Сол рас болса керек. Орталық Азия елдеріне ақша  құюға және кәсіпорындар ашуға немесе дайын өндіріс орындары мен кеніштерге инвестор болуға Жапония кетәрі емес.  Бірақ ол үшін Қытай мен Ресей кедергі ме екен, кім білсін. Орталық Азия елдеріндегі майлы жерлердің көбісін Қытай мен Ресей компаниялары жайлап кеткен. Біздің елімізде АҚШ компаниялары да бар. Kazinform агенттігінің бас редакторы Нағашыбек Алдан осындай пікір білдірді. 

Бас редактордың пайымынша, дегенмен жапондар біздің жақты жиі төңіректеп жүр деуге болады. Соның айғағы ретінде Жапонияның Халықаралық қызметтестік агенттігі деген құрылымы Өзбекстанға қомақты қаржы бағыштағанын айтар едік. Осы қарқыннан таймаса жапондар келе-келе Орталық Азияға экономикалық ықпалын арттыруы да мүмкін.

«Бұл өзі жақсылықтың нышаны шығар. Жапондар біздің жақтың экономикасы мен бизнесіне өз ықпалын арттырып, Қытай мен Ресейдің ықпалын төмендетіп жатса, қанеки! Жапонияның жоғарыда аталған Халықаралық қызметтестік агенттігі Өзбекстанға 246,5 миллион доллар несие қаржысын құйды. Бұл қаржы экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Несие мерзімі – 30 жыл. Алғашқы он жылы жеңілдетілген тарифпен өтеледі, жылдық өсімі – 1,8 пайыз. Жапон агенттігі өкілдерінің айтуынша, олардың қаржысы кедейшілікті жоюға, гендерлік теңдікке, Өзбекстан азаматтарының лайықты жұмыс істеуіне және экономиканың өсуіне арналған. Мұның алдында ғана, осы ақпанның ішінде жапон агенттігі Өзбекстанға 200 миллион доллар бөлген еді. Бұл қаржы мал шаруашылығын және тері өңдеу өнеркәсібін өрістетуге арналған. Осылайша Жапония бір айдың ішінде Өзбекстанға 446.5 миллион доллар келтіріп отыр. Бұл жарты миллиард долларға жақын қаражат. Бәрекелді деп өзбек ағайынның ісіне береке тілейміз», - дейді Нағашыбек Алдан.

Жалпы, шет ел инвесторларының ішінде Өзбекстанға ең көп ақша салып келе жатқан ел – Қытай. Өткен жылдың тоғыз айында Өзбекстанға түскен бүкіл инвестицияның 24,5 пайызы Қытайдан. Бұл аралықтағы Ресейдің үлесі 15,9 пайыз, үшінші орындағы Сауд Арабиясының үлесі 7 пайыз.

Жапония жылдан-жылға Қазақстанға да жақындап келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Соңғы 17 жылда жапондық инвестиция көлемі 7,8 миллиард доллардан асты. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5 пайызға ұлғайып, 2 миллиард долларға жетті.

«Негізі Орталық Азия елдерінің Жапониямен жақындасуы – жақсы үрдіс. Еліміздің Жапониямен жақындасуын Алаш арыстары қалаған деген дерек көп. Алаштың бағдарламасы жапондардың бағдарламасының қазақшаланған баламасы болған екен. 1868-ші жыл мен 1889-шы жылдардың аралығында Жапония күрт дамып, әлемнің ең дамыған қуатты мемлекеттерінің біріне айналып шыға келген. Бұған жеткізген олардың «Мэйдзи жаңғыруы» деген бағдарламасы еді. Алаш арыстары жапондардың бағдарламасын жан-жақты зерттеген, оны ең дұрыс жол деп таныған. Сөйтіп қазақ даласының даму мен өсіп-өну жолын жапондардыкіндей етіп жасаған екен. Олар Жапонияның жолы жайлы мақалалар да жариялады. Жапония тақырыбындағы әлеуметтік ой-толғамдардың бастауында Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, тағы басқа зиялылар тұрды. Жапон жасампаздығын қазақ мүддесімен тоқайластыра бажайлау – саяси және рухани арнада қатар өрістеп отырды. Бұл үрдіс қазақ жерінде 1904 жылдан бастау алып, 1928 жылға дейін тоқтаған жоқ. Өкінішке қарай большевиктердің кесірінен Алаш арыстарының арманы жүзеге аспады. Көпшілігін Жапонияның тыңшысы деп халық жауы атады, қуғын-сүргінге ұшыратты», - дейді Kazinform агенттігінің бас редакторы.

Жапондар тез дамып, алға суырылып шықты. Ал кейініректегі 1950-1970 жылдары Жапония экономикасы жыл сайын 15,2 айызға өсіп отырды. Сол кезеңде Францияда экономика жылыны 6,2 пайыз, Англияда 3 пайыз, АҚШ-та 4 пайыз ғана өскен. Бұл кезеңде Жапония КСРО-ны да, Қытайды да басып озып, дамыған мемлекеттердің ішінде екінші орынға тұрақтаған еді.

Енді бүгін сол жапондар Орталық Азия мемлекеттерімен қоян-қолтық араласса жаман болмаспыз.

Соңғы жаңалықтар