«Алаш арыстары елдік мәселелерді тіліп тұрып айтты, жеріне жеткізіп жаза білді»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Алаш арыстары елдік мәселелерді тіліп тұрып айтты, жеріне жеткізіп жаза білді»- республикалық басылымдарға шолу

***

Өткен сенбі, 3 қыркүйек күні Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мелекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осы айтулы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Еңсерілген істер бар, еңсерілмеген де аз емес» деген тақырыппен жарияланды. Басылымның атап өтуінше, ТМД-ның 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған бұл саммит осы ұйым тарихын еске салып өтуді қажет етеді. КСРО атты алып империя бір күнде жалп еткенімен, орнында қалған ТМД оп-оңай құрыла салған жоқ. Ол - осы тарихи кезеңді өткеру маңдайына бұйырған қайраткерлердің саяси ерік-жігері, байсалдылығы мен көрегендігінің арқасында ғана бейбіт жолмен дамып, империяның ошағында қалған қоламтаның отқа айналуына орын берген жоқ.

«Бірлік пен татулықты ту еткен, ел ішіндегі келеңсіз жағдайларды көп болып ақыл­дасып шешуді мақсат ететін "Ырыс алды - ынтымақ" фо­румы Төлеби ауданының бау­рай­ын­дағы "Тау самалы" демалыс орта­лы­ғында өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл жолы келелі кеңестің тақырыбына "Ырыс алды - ынтымақ" қоғамдық фору­мы­ның жастар саясатын жүзеге асырудағы міндеттері" таңдалынып алынды. Расында, осы тақырып бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда күйіп тұрған мәселе. Ат жалын енді тартып мінген бозба­лалардың қатарында шімірікпестен кісі өлтіру, ұрлық, тонау, зорлық-зом­былық көбейіп, өзегі алынбаған бітеу жараға айналып барады.

***

Қазақ мектептерінің көбеюі, оқушылар санының күрт артуы кейбіреулер үшін табыс көзіне айнала бастады. Айталық, қазір ешкіммен ақылдаспай, кеңеспей жатып-ақ алақандай кітапшалар шығарып, оны удай бағаға сататындар жетіп артылады. Тіпті жұқалығы соншалықты, парақтарының арасынан күннің сәулесі көрінетін газеттер пайда болды. Ал журнал сататындар - әр білім ордасының басты бас ауруы. Әсіресе, оқу жылы жақындағанда дәл осы «науқанды» қалайда тиімді пайдаланып қалуға тырысатындар көп. Тез өтетін оқу құралдары арасында күнделіктің жөні бөлек. Өйткені мектеп есігін ашатын бірнеше миллион балаға соншама күнделік қажет. Оның әрқайсысы кемі 200 теңгеден сатылғанда қанша қаражат қалтаға түсетінін білесіз бе? Бұл туралы «Айқын» газетіндегі «Қара күнделіктегі қасірет немесе мемлекеттік тілді келеке еткен кім» деген мақалада кеңінен баяндалған.

Мемлекеті мықты, экономикасы әлеуетті, саяси жүйесі берік Қазақ елі де инновациялық өрлеу жолын таңдап отыр. Бұл ретте Қазақстан тек зауыт-кәсіпорындарға заманауи озық технологияларды кеңінен енгізуге ғана көңіл бөлмей, сондай-ақ ғылым мен тәжірибені ұштастыруға да ден қойған. Осының жемісіндей, елімізде қиялды шынға, арманды ақиқатқа айналдыратын ғажайып ғылыми жаңалықтар өмірге жолдама алуда. Соның біріне кеше Назарбаев Университетіндегі тұтас халықаралық жиын арналды. Инновация саласындағы мәселелер жайлы «Айқын» газетіндегі «Инновация - бәсекенің басты шарты» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Кеше Назарбаев Университетінің инновация саласында студенттерді оқытумен қоса, термоядролық синтез және энергетиканың жаңа технологияларын ендіруге кірісетіндігі жарияланды. Ендіруді осы жоғары оқу орны жанынан құрылған Энергетикалық зерттеулер орталығы іске асырмақ. Бұл орталық жаһандық көшбасшы ғылыми орталықтармен және компаниялармен бірлесе отырып, заманауи және қолжетімді энергетикалық технологияларды әзірлеумен және коммерцияландырумен шұғылданатын болады», - деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, профессор Намазалы Омашұлымен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген профессор: «Меніңше, мәннің бәрі маманда, яғни басшылықтың дұрыс бағыт ұстап, жұмысты тиімді ұйымдастыруына байланысты»,-дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сейсенбілік санындағы «Алаш арыстары елдік мәселелерді тіліп тұрып айтты, жеріне жеткізіп жаза білді» деген тақырыпқа назар салыңыз.

«Түп-тегімізде төрткіл дүниені билеген даңқты да айбарлы қағанат болғанымызды айғақтаған Күлтегін, Білге қаған тас ескерткіштері жатқан Моңғолия жерінде тамырлы тарихымыздың өзегін толтырып, көне жәдігерлеріміздің қатарын көбейтетін тағы бір көне түркі қорымы табылды» - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Көк түрік пен бүгінгі қазақтың арасын сабақтастырып жатқан тарихи қорым табылды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ешқандай талан-таражға түспей, бүгінге дейін бар қазынасын ішінде сақтап келген осы қорымды қазу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен суреттер арғы бабаларымыз құрған алып мемлекет - Түрік қағанатының қаншалық айбарлы әрі әлеуетті, қуатты болғанын айқындай түссе керек.

***

«Қазақстан Ливияның жаңа билігін мойындады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, кеше ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбаев Қазақстандағы Ливияның уақытша сенімді өкілі Ахмед Әд-Дибті қабылдады.

Кездесу барысында Ахмед Әл-Диб Сыртқы істер министрінің орынбасарын Ливиядағы жағдайдың өріс алуымен, Өтпелі ұлттық кеңестің ондағы ахуалды тұрақтандыру бойынша іске асырып жатқан шаралары жөніндегі ақпараттармен таныстырды.

Өз кезегінде Қ. Сарыбаев Қазақстан Республикасының Өтпелі ұлттық кеңесті Ливиядағы іс басындағы билік ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол еліміздің Ислам ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы ретінде осы ұйымның қолда бар ресурстарын Ливиядағы ахуалдың тез арада реттелуіне және гуманитарлық дағдарысты еңсеруге жұмылдыру үшін дайын екендігін атап көрсетті.