«Алаш арыстары Лениннің қалқасында қалып отыр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Алаш арыстары Лениннің қалқасында қалып отыр» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің қатысуымен екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Байыпты байланыстар бағдары» деген тақырыптағы мақаласында. Форум сан тақырыптағы бірнеше саланы қамтыды. «Атамекен» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы мен Литваның Өндірісшілер конфедерациясы Қазақстан-Литва іскерлік кеңесін құру туралы келісімді бекітсе, еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі мен Литваның Көлік министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жалпы Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық байланыстар нығайып келеді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақорда резиденциясында Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан елдері жөніндегі арнайы өкілі Марк Гроссманмен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фэйрфакс қатысты. Тараптар келіссөз барысында өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандырудың ерекше маңызды екендігі атап өтілді.

***

Бакуде өтіп жатқан боксшылардың әлем чемпионаты бүгін өз мәресіне жетеді. Егер дәл қазір «жүзден жүйріктердің» есімдері белгілі болса, санаулы сағаттардан кейін кімдердің «мыңнан тұлпар» шыққаны анықталады. Бір айта кетерлігі, биылғы жуан жұдырықты жігіттердің жарысында ешбір мемлекеттің ұлттық құрамалары бір-бірінен қара үзіп кете алған жоқ. Әзірбайжан астанасында үстемдік танытқан ешкім болмады. Көптеген командалар көмбеге бірдей жетті. Әзірбайжан елінде өтіп жатқан байрақты бәсекенің жарыс кестесіндегі жағдайға назар аударғыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қай елдің көші ілгері?» деген тақырыптағы мақалаға зер салыңыз.

«Айқын» газетінің жазуынша, Ресейдің «Отандастарды қоныстандыру» бағдарламасы аясында орыстардың Қазақстаннан кетуі өткен жылдармен салыстырғанда биыл екі есе артқан. Осы шаруамен айналысатын Қазақстандағы Ресей елшілігі консулдігінің жетекші маманы Марина Пустэконың айтуынша, былтыр ай сайын 120 қоныстанушы куәлігі берілсе, биыл бұл көрсеткіш 240-қа жетіпті. Соңғы айларда Ресейге қоныс аударғысы келетіндер тіпті көбейіп кеткен. Қазір консулдік күн сайын 100 адамның өтінішін қабылдап, оның 70-іне қоныстанушы куәлігін беріп үлгеріпті. Мақала «Атамекеніне аттанып жатыр» деген тақырыппен берілген.

***

Ескерткіш - ел идеологиясының құралы. Тарихта болған тұлғалардың тас мүсіндеріне бүгінгі ұрпақ тамсана отырып, олардың атқарған іс-әрекеттерінен тәлім-тәрбие алуы қажет. алайда қазақ билігі көп жағдайда бұл құралды дұрыс пайдалана алмай отыр. мысалы, Қызылжардағы сән-салтанаты келіскен ең үлкен ескерткіш Лениндікі және біреу емес, үшеуі тұр. Ал қазақтың тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен талай тарланның мүсіндері пролетариат көсемінің тасасында қалып қоюда. Сонда біз жастарға кімді үлгі етіп, неге тәрбиелеп жатырмыз? Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Алаш арыстары Лениннің қалқасында қалып отыр» деген мақаладан жан-жақты біле аласыздар.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Есілдің сол жағалауында салынып жатқан нысандарды аралады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Үкімет басшысы «Астана Медиа-Орталық» телерадиокешенінің, Опера және балет театрының, Триумфальдық арканың, «Хазірет Сұлтан» мешітінің, Оқушылардың шығармашылық са­райының, жолаушылар вагондарын шығаратын «Тұлпар-Тальго» зауытының құрылыстары барысымен танысты.