Алаш қозғалысына 100 жыл: «Шақабай батырдың ерлік іздері» атты ғылыми конференция өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унверситетінде 19 мамыр күні Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Шақабай батыр және оның ұрпақтарының ерлік іздері» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаш қозғалысына 100 жыл: «Шақабай батырдың ерлік іздері» атты ғылыми конференция өтеді

Бұл туралы Шақабай батыр атындағы қайырымдылық қоры хабарлады.

Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек сынды баһадүрлерге абзал аға, үзеңгілес серік болған Шақабай батыр Есентайұлы өзінің ерліктерімен ұрпаққа өнеге болған батыр бабаларымыздың бірі.

Ол туған 1688 жыл қазақтың басына зұлмат күн туған ауыр кез еді. Сол жылдары қас батырлардың соңынан ерген өжет ұлды заман соқпағы батыр қылып есейтті. Елінің Сыр бойына дейін ауған тарихына куә болған ол ендігі жерде ерлер сапында атқа қонып, байтақ қазақ даласын жаудан азат етудің барлық ұрыстарын бастан кешірді. Жасынан атқа қонып, бір тайпа елге ұран болып үлгерген хас батырдың еш ұрыстан қағыс қалуы мүмкін емес еді. Оның ақыл-қайраты қатар толысқан кезең жоңғар шапқыншыларына аяусыз соққы берген жеңісті шерулер тұсына дөп келді. Толарсақтан қан кешкен батырдың өмірі ат үстінде өтті.

Ол ердің жасы 50-ден өтіп, асқаралы 60-қа шығатын кезінде де аттан түспей, елін қазіргі ШҚО өңіріне қоныстандыру жолында тынымсыз күресті.

1778 жылы 90 жасқа келіп, алтын Алтай мен тарлан Тарбағатай тауының арасында өзінің атындағы «Шақабай қызылы» тауын жастанып мәңгілік ұйқыға кетті. Сүйегі ШҚО Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылында жатыр. Қазақ батырларының елдің шетінде, жаудың өтінде күзетте тұрғандай қасқайған күйде көз жұмуы, сол өңірге моласын қалдыруы ерліктің тағы бір белгісі ретінде тарихқа қалды.

Ерлік іздері Шақабай батырдың өзімен ғана өлшенбей, оның кейінгі немере, шөбере, шөпшектерінен де ел қорғаған батырлар көп шыққан.

Шақабай батыр есімі Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Шәміс Құмарұлы, Сұлтан Тәукейұлы және басқа да ақын-жазушы шығармаларында, энциколепедия-сөздіктерде аталады.

Алдағы өтетін конференция батыр есімін ұлықтау ғана емес, өткенді танып, бүгінгінің қадірін білу және оны ұрпақ сабақтастығына айналдыруды мақсат етеді.

Конференцияға Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінен арнайы ғалымдар, елімізге танымал тарихшылар, әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері және батыр ұрпақтары қатысады деп күтілуде.