«ALASH PRIDE-ACB»: Қазақстандық файтер қарсыласын бірден нокаутқа жіберді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ALASH PRIDE-ACB» халықаралық ММА турнирі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайыстың жүргізушісі - ТМД және Ресей бойынша ең үздік ринг-хабарлаушысы Александр Загорский.
Бірінші болып алаңға Тәжікстан спортшысы Рамазон Назоров пен қазақстандық Бахтияр Несіпбек шықты. Шыға салысымен қазақстандық спортшы 34 секунд ішінде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Жекпе-жек кеші Алматы қаласының 1001 жылдығына арналады. Сайыстың басты жекпе жегі қазақстандық Арман Оспанов пен бразилиялық Тьяго Луиса Сильва арасында өтеді.
Айта кетейік, «ALMATY ARENA» спорт кешенінде «ALASH PRIDE» промоутерлік компаниясы «АСВ» промоушенімен бірлесе, АЛМАТЫ қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан тарихындағы ең ауқымды, халықаралық ММА турнирін өткізіп отыр.
Бұл кештің басты жекпе-жегі АРМАН «СҰҢҚАР» ОСПАНОВ пен бразилиялық ТЬЯГО «MANCHINHA» ЛУИС СИЛВА арасында өтеді.
Қазақстанның ең үздік файтері, «Alash Pride FC» сарбазы - Арман Оспанов кәсіпқой аралас жекпе-жекте сегіз кездесуге шығып, барлығында айқын жеңген. Ол әскери самбодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан әлем және ТМД чемпионы, әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы. Оның қарсыласы Тьяго Луис Силва (12-5) бразильдік джиу-джитсудан қара белбеудің иегері және «Shooto Brasil» ұйымының әлем чемпионы.
Бұл ММА турнирінің аясында белгілі қазақстандық спортшылар, «Alash Pride FC» өкілдері - Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Асу Алмабаев, Қаршыға Дәуітбек, Бахтияр Несіпбек пен легионеріміз Мурод Хантураев және Игорь Свирид айқасқа түспек. Турнирде сегіз бұрышқа жалпы 15 жұп 11 жекпе-жекке шығады. Олар Ресей, АҚШ, Бразилия, Литва, Румыния және Тәжікстан сынды елдердің атышулы файтерлері.
«ALASH PRIDE - АСВ» турниріне белгілі америкалық UFC рефериі- Джон Маккарти мен Херб Дин өзінің әділқазылар бригадасымен төрешілік етеді. UFC-дің үш дүркін экс-чемпионы Френк Мир тікелей эфирде аталған жекпе-жек кешінің комментаторы болмақ.