«ALASH PRIDE-ACB»: Қазақстандық файтерлер алда келеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ALASH PRIDE-ACB» халықаралық ММА турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек тәжікстандық Эмомолий Халбоиді бірден нокаутқа жіберді. Осыдан кейін 70 келі салмақта шыққан қырғыз елінің файтері Алманбек Жаныбеков қазақстандық Олжас Есқараевті қылқындыру әдісімен жеңді. Одан кейін, 57 келі салмақ дәрежесінде жекпе-жекке шыққан ресейлік Ибрагим Мамаевті қазақстандық Ассу Алмабаев тізе бүктірді.
Айта кетейік, жекпе-жек кешінде бірінші болып алаңға Тәжікістан спортшысы Рамазон Назоров пен қазақстандық Бахтияр Несіпбек шықты. Шыға салысымен қазақстандық спортшы 34 секунд ішінде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Шара Алматы қаласының 1001 жылдығына арналады. Сайыстың басты жекпе-жегі қазақстандық Арман Оспанов пен бразилиялық Тьяго Луис Сильва арасында өтеді.
«ALASH PRIDE» промоутерлік компаниясы «АСВ» промоушенімен бірлесе, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан тарихындағы ең ауқымды, халықаралық ММА турнирін «ALMATY ARENA» спорт кешенінде өткізуде. Сайыстың жүргізушісі - ТМД және Ресей бойынша ең үздік ринг-жүргізушісі Александр Загорский.
Бұл кештің басты жекпе-жегі Арман «Сұңқар» Оспанов пен бразилиялық Тьяго «MANCHINHA» Луис Сильва арасында өтеді.
Қазақстанның ең үздік файтері, «Alash Pride FC» сарбазы - Арман Оспанов кәсіпқой аралас жекпе-жекте сегіз кездесуге шығып, барлығында айқын жеңген. Ол әскери самбодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан әлем және ТМД чемпионы, әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы. Оның қарсыласы Тьяго Луис Силва (12-5) бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеудің иегері және «Shooto Brasil» ұйымының әлем чемпионы.
Бұл ММА турнирінің аясында белгілі қазақстандық спортшылар, «Alash Pride FC» өкілдері - Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Асу Алмабаев, легионеріміз Мурод Хантураев және Игорь Свирид айқасқа түспек. Турнирде сегіз бұрышқа жалпы 15 жұп 11 жекпе-жекке шығады. Олар Ресей, АҚШ, Бразилия, Литва, Румыния және Тәжікстан сынды елдердің атышулы файтерлері.
«ALASH PRIDE - АСВ» турниріне белгілі америкалық UFC рефериі- Джон Маккарти мен Херб Дин өзінің әділқазылар бригадасымен төрешілік етеді. UFC-дің үш дүркін экс-чемпионы Френк Мир тікелей эфирде аталған жекпе-жек кешінің комментаторы болмақ.