«Алаш жолымен» экспедициясы Жымпитыға қайтып оралды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен көрнекті ұлт қайраткері, тұңғыш заңгерлердің бірі, Алашорда үкіметі Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығына арналған «Алаш жолымен...» тарихи-танымдық экспедициясы Семейге дейін барып, Сырым ауданы орталығы Жымпитыға қайтып оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Алаш жолымен» экспедициясы Жымпитыға қайтып оралды

Құрамында тарихшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналист, мектеп мұғалімдері мен оқушылар бар экспедиция сегіз күннің ішінде Жымпиты - Қаратөбе - Ойыл - Ақтөбе - Астана - Семей - Астана - Ақтөбе - Жымпиты бағытында кезінде Алашорда қайраткерлері орын теуіп, қызмет еткен жерлерде болып, деректер жинап, кездесулер өткізді.

Топ жетекшісі, Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, экспедиция мүшелері алған әсер мол, олжа да аз емес. Әсіресе, Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана мен Астанадағы Мемлекет тарихы институтында өткен шараларда талай құнды пікірлер айтылды. Бүгінгі ұрпақ үшін қастерлі орындардың қай-қайсысында да елім деп өткен ерлер мен ұлт зиялыларының өшпес іздері жарқырап жатқандай.

«Алашорданың Шығыстағы астанасы Семей болса, Батыстағы ту тіккен жері Жымпиты ауылы екендігі мәлім. Деректер мен суреттер өз алдына, өзімізбен бірге көптеген кітаптар да ала келдік. Соның ішінде әлі таныстырылымы бола қоймаған, Семей қаласындағы мұрағат шығарған «Алашорда үкіметіне 100 жыл» деген құнды жинақ бар. Осылардың бәрін тарихшы-ғалымдардың көмегімен саралап, қорытындылайтын боламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Ойшыбаева.