«Алашқа қауіп Ауғаннан ауып келмесін» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарыстан кейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Үкіметке жыл сайынғы 7 пайыздық орнықты дамуға қол жеткізуді тапсырған болатын. Осы аптаның ішінде өткен Үкімет отырысында ел дамуының он айлық қорытындысы қаралып, Елбасы алға қойған міндеттің мүлтіксіз орындалып келе жатқандығы атап көрсетілген-ді. Міне осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Тұрақтылықтың тамаша көрінісі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Сонымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының он айлық қорытындысы жағдайдың жақсарып келе жатқандығын, Елбасының экономикалық дамуды 7 пайыздан төмендетпеу жөніндегі тапсырмасының орындалуда екендігін көрсетіп берді. Енді осы қарқынды жыл соңына дейін ұстап отыру қажет. Сонда бұл ел Тәуелсіздігінің 20-шы жылының өзіндік бір белесі болып табылмақ», - деп жазады басылым.

«Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Нұр Отан» сайлауға дайын» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, «Нұр Отанның» штабы құрылып, оны партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин басқарады. «Нұр Отан» партиясы барлығы 16 аймақтық, 210 қалалық және аудандық сайлауалды штабтарын құратын болады. Сайлау компаниясының нақты жоспарын жасау және заң талаптарына сай болуын бақылау жұмыстарымен республикалық штаб айналысады.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Алашқа қауіп Ауғаннан ауып келмесін» атты мақалада соңғы кездері Ақтөбе, Атырау, Таразда бірінен соң бірі тізбектелген лаңкестік әрекеттер мемлекет пен қоғамның, діннің өзара байланысын шынайы зерделеуді талап етіп отырғандығы жазылады. Газет тілшісі лаңкестіктің туындауы, оған ықпал етуші факторларды зерделей келе, сарапшылар пікіріне жүгінеді. Мәселен, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, 2014 жылы АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкеткен жағдайда Қазақстанда лаңкестік қауіп-қатер күшейе түсуі әбден мүмкін. Ал сарапшы Марат Шибұтовтың пікірінше, еліміздегі лаңкестік әрекеттер тактикасына қарай дағыстандық, шешендік, ирактық және латынамерикандық түрлерге ұқсас болып келеді екен. Қазақстанда тактикалық жағынан ең ықтималы дағыстандық әдіс көрінеді.

Сондай-ақ осы басылымдағы «Кедендегі кермеден ауру қалай өтіп жүр» деген мақаладан «импортный» ауру деп айдар тағылған, ғасыр дерті - ВИЧ/СПИД-пен күрес аймақтарда сорақы деңгейде екендігімен таныс бола аласыздар. Онда елімізге сырттан келгендердің көбісі мекен-жайы нақты болмағандықтан, мұндай аурудан тексеріле бермейтіндігі, осы іске бюджеттен бөлінген ақшаның талан-таражға түсіп жатқандығынан хабардар боласыздар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов: «Облыста ағза иммунитеті тапшылығы вирусына шалдыққандардың санының көбеюіне шетелдіктер үлес қосып отыр. Аты жаман ауруға тұсалған шетел азаматтарының 71,9 пайызы өзбекстандықтар, 15,7 пайызын ресейлiктер құрайды. Қалғандары Қырғызстан, Тәжiкстан, Түрікменстан, Украинадан келгендер», - депті.

***

«Алматыда Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің 61-мәжілісі болып өтті. ТМД елдерінің Қорғаныс министрлері түгел қатысқан алқалы жиында достастық елдерінің әскери саладағы ынтымақтастығын дамытуға байланысты 20-дан астам маңызды да өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның ата өтуінше, жиын қорытындысында алдағы жылы әскери салада атқарылуы тиісті игілікті шараларды жүзеге асырудың нақты жоспары қабылданып, мәжіліске қатысушылар бірлескен мәлімдемеге қол қойған. Мақала «ТМД әскери салада бірлесіп әрекет етуі тиіс» деген тақырыппен басылды.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Францияда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында тамаша жеңіске қол жеткізген қазақстандық спортшылар Илья Ильин мен Зулфия Чиншанлоға құттықтау жеделхатын жолдады. Мәселен, Елбасының И.Илинге жолдаған құттықтауында: «Сіз өз жеңімпаздарын, туған елін мақтан тұтатын миллиондаған отандастарымыздың үмітін кезекті рет ақтадыңыз. Қазақстанның спорт державасы ретіндегі мәртебесі тағы бір рет дәлелденіп, беделді әлемдік бәсекеде туымыз көкте желбіреді, әнұранымыз шырқалды. Сіздің жеңісіңіз бүкіл қазақстандықтарға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңындағы тамаша тарту болды», - делінген.

Соңғы жаңалықтар