«Алаштың рухы жаңғырған күн. Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Астанаға әкелінді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен VII қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық мәселесіне арналған кеңес болып өтті. Онда Мемлекет басшысы қысқы Азия ойындары өткізілетін Астана және Алматы қалаларының дайындық деңгейін тағы бір рет пысықтады. Сондай-ақ отырыста VII Қысқы Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарына дайындық мәселелері талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Азиадаға дайындық пысықталды» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бүгінгі таңда Азиадаға өз спортшылары­ның қатысуын 27 ел қуаттап отыр. Қатысуға өтініш берген спортшылар мен ресми өкіл­дердің саны 4 мың 135 адамды құрайды.

Өт­кі­зілгелі тұрған ойындардың барлық қазақ­стан­дықтар үшін оң рөлін атап көрсете келе, Азия ойындарының ашылу және жа­былу салта­нат­тарына ерекше көңіл бөлуге ша­қырған Елбасы: «Ел ішінде спортты және саламат­ты өмір салтын насихаттауда және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде Азиада­ның алар маңызы үлкен. Қазақстан - осыған дейін 117 Олимпиада, әлем және Азия чем­пиондарын тәрбиелеген ел. Олардың табыстары мен жеткен жетістіктері мемлекетіміздің абыройын арттырды. Біз алдағы жарыста Жапония, Қытай және Корея секілді мықты қарсыластарымыз барлығын түсініп отырмыз. Дегенмен, алдымызға үлкен міндет қоюда­мыз. Ол - қол жеткізген медаль саны бойын­ша алдыңғы үштіктен көріну», - депті.

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен бұрнағы күні Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда Үкімет басшысы елімізде мал шаруашылығын дамыту мақсатында кең көлемдегі бағдарлама белгіленгенін, бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыру шабындықтар мен жайылымдардың сапасы мен есебіне тікелей байланысты екендігін атап көрсетті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бар байлықтың бастауы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, алқа отырысында есепті баяндама жасаған Жер русурс­та­рын басқару агенттігінің төр­ағасы Өмірзақ Өзібеков 2010 жылы агенттіктің аймақтық жер инспекциялары жер қатынас­та­ры заңдылықтарының сақта­луын қадағалау мақсатында 6300 тексеріс жүргізгендігін атап көрсеткен. Осы тексерістер бары­сында 3,5 мың кемшіліктер анық­талып, заң бұзушыларға әкім­шілік шаралар қолдану ба­рысын­да 428 миллион теңге айыппұл өндіріліп алынған. Сонымен бірге, өткен жылы жер инспек­циялары еліміз бойынша жалпы көлемі 3 миллион гектардан аса­тын пайдаланымнан шыққан 17 мың жер телімін анықтаған. Оның ішінде жалпы көлемі 1,7 миллион гектарды құрайтын 4,9 мың иесіз қалған жер телімдері есепке алынған. Жалпы көлемі 1,1 миллион гектар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер мемлекеттік меншіккке қайтарылды. Оның ішінде сот шешімі арқылы жалпы көлемі 95 мың гектар 254 жер телімі мемлекет меншігіне алынды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл шараға 230 делегат, Парламент және Астана қалалық мәслихатының, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының және бейресми ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда сөз алған Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Партияда ұлт жетекшісі болу - үлкен жауапкершілік. Партия болашақ сайлаушылардың басым бөлігінің өкілдері, ол еліміздің тұңғыш Президентінің өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізуге өзіне басты міндетті алуы және халық таңдауын жүзеге асыруы тиіс», - деп атап көрсеткен.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - техника ғылымдарының докторы Абай Тұрсыновпен арадағы сұхбат «Қазақстан Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан шын мәнінде, Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді. Солтүстік Аралдың қайта қалпына келе бастауы, онда балық шаруашылығының дамуы мұның айқын мысалы. Үлкен өкінішке қарай, Орталық Азиядағы басқа республикалар бұл мәселеге онша бас ауыртпай отыр. Егер халықаралық қауымдастық белсене араласып, бірлескен іс-қимыл жобаларын жасап, олардың орындалуын қатаң талап етсе, жағдай өзгеруі мүмкін. Арал апатын жоюдың меніңше бір-біріне ұқсамайтын, бірақ өзара өте тығыз екі жолы бар», - дейді. Ғалымның Аралды құқтару үшін ұсынып отырған амалдарын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.

***

«Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жыл басынан-ақ ел үшін маңызды, ұрпақ үшін тәлімді болатын іспен басталып жатыр. Кеше мемлекетіміздің тұғыры - бас қаламыз Астанаға асыл текті Алаш рухы жеткізілді. Таңғы сағат 7-ден 25 минут өткенде Астана әуежайына Мәскеуден рейстік ұшақпен Алаштың ардақты ұлы, қазақтың елдігі үшін жастайынан аянбай еңбек еткен қайраткері, ұлт мұраты үшін күрескен арда заматы Смағұл Сәдуақасұлының тағдыр жазуымен жат жұртта қалған мәйітінің күлі әкелінді», -деп жазады «Алаш айнасы» газеті сенбілік санындағы «Алаштың рухы жаңғырған күн. Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Астанаға әкелінді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Алаш ақиығының күлін жер қойнауына тапсыру ісіне қатысты ой екіге жарылып тұр. Бірі Астананың «Жастар» ықшамауданындағы ескі қорымды атаса, енді бір топ Қабанбай елді мекеніндегі Қабанбай батыр мазарының жанына жерлеп, сол жерде ұлттық пантеон ашқан дұрыс санайды. Алайда нақты қай жерге жерленетіні әлі белгісіз. Белгілі болып отырғаны - Смағұл Сәдуақасұлының күлі Сәдуақас Ғилмани атындағы ескі мешітке жеткізіліп, сондағы жаназа шығару бөлмесіне уақытша қойыла тұрады.

«Алыстан көргіш қазақ құрып барады», деп дабыл қағады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде. «Өкінішке қарай соңғы уақыттары қазақстандықтар арасында мидың «генераторы» саналатын көздің нашар көруі белең алып барады. Әсіресе, жас балалар арасында. Нақты айтар болсақ, республикадағы бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндердің 15 пайызының көзі нашар көретін болса, мектеп бітіргенше бхұлардың қатары 35 пайызға дейін жетіп жығылады екен», - деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын сенбілік нөмірден оқи аласыздар.

***

«Мемлекет басшысының атына Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастамашы топтың бастамасын қуаттаған хаттар толассыз келіп түсуде», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәселен, Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылының тұр­ғыны Әбілхан Оспанов бы­лай деп жазыпты: «Өз басым Ел­басының президенттік өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзартуды қалың жұртшылық қызу қолдап жатқан тұста үнсіз қалуды жөн көрмедім. Дана қазақта «Жақ­сы­ның жақ­сы­лығын айт - нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Мен ел ішіндегі адаммын. Ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігінің бұ­рын қандай бол­ға­ны, қазір қан­дай деңгейге көте­ріл­гені көз ал­дымда. Бүгінгі күнгі баршы­лық­қа, бейбітшілікке шү­кір етуіміз үшін біз өткенді ұмыт­пауы­мыз керек. Арада өткен жиырма жылда халықтың тұр­мы­сы аса бір жылдамдықпен жақсар­ды. Осы күні елімізді әлем тани­ды. Сондықтан, менің пайым­дау­ым­­ша, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың президенттік өкі­лет­ті­гінің 2020 жылға дейін ұзар­тылуы өте орынды деп білемін».

Соңғы жаңалықтар