Алатау ауданында 1200 орындық мектеп салынады - аудан әкімі
Бұл жайлы аудан әкімі Бағдат Мәнізоров бүгін 4-ші шақырылған қалалық мәслихаттың XXVI сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алатау ауданының білім беру саласында 16 орта мектеп, 1 республикалық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, 1 жоғары оқу орны, 2 колледж, 6 балабақша жұмыс жасайды. Жалпы білім беретін оқу орындарының жетіспеушілігі, мектептердегі оқушылар санының шамадан тыс көптігі бұл салада күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе боп тұр. Жобалық қуаты - 12 294 баланы құрайтын 16 мектепте қазір 19 661 оқушы білім алуда. Олар өз мүмкіндігінен 7 148 оқушыны артық оқытуда. Соның бірі Қарасу ықшамауданындағы 320 орындық №164 орта мектеп. Бүгінгі таңда онда 883 бала оқуда», дейді әкім. Б. Сайланбайұлының айтуынша, былтыр «Ұлжан-1», «Әйгерім-1», ықшамаудандарында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ал аудан құрылғалы бері 1,5 жылдың ішінде жаңадан 3 мектеп ашылған болатын. Биыл «Алғабас» ықшамауданында 1200 орындық мектеп, 720 орындық кәсіптік техникалық мектеп салу үшін сметалық-жобалық құжаттар дайындау жоспарланып отыр.