Алатау ауданында заңсыз салынған үйлерді заңдастыру мәселесі алғашқы тоқсанда аяқталады - аудан әкімі
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының Алатау ауданында 2008 жылы жүргізілген түгендеу кезінде адамдар тұрып жатқан заңсыз салынған 5423 үй анықталған болатын.
Қазіргі таңда оның 2675-і заңдастырылды. Оны аудан әкімі Бағдат Мәнізоров бүгін Әлеуметтік шиеленістерді қарастыру мен шешу жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз түгендеуді 2008 жылы бастап, 2009 жылдың басында аяқтадық. Одан кейін қала әкімі мен қалалық мәслихатпен бірге заңсыз салынған үйлерді заңдастыру жөнінде шешім қабылдадық. Қазіргі таңда 5423 үйдің 2675-і заңдастырылды. Соның нәтижесінде 15-16 мың адам қала тұрғыны мәртебесіне ие болды. Нақтырақ айтқанда 1609-ы жер теліміне мемлекеттік акті алды. Алдағы 1-2 айдың ішінде заңсыз салынған үйлерді заңдастыруға нүкте қойылады", дейді Алатау ауданының әкімі, Қоғамдық кеңес мүшесі Бағдат Мәнізоров. Оның айтуынша, заңсыз салынған 5423 үйді заңдастыру жөніндегі комиссияға 6 мыңға жуық құжат түсті. Олардың арасындағы айырмашылық - кейбір азаматтардың өз құжаттарын екі рет, ал тағы біреулердің жер телімін заңдастыруға ғана құжат тапсыруынан орын алды. Заңдастыруға келмейтін 1,5 мың үй арнайы қорғалатын аймаққа және зиратқа жақын салынған үйлер. Бұл мәселе алдағы уақытта жеке қаралуы керек.