Алатау ауданының инфрақұрылымын дамытуға екі жыл ішінде 3,31 миллиардтан астам теңге бөлінді - А.Есімов

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімі Алатау ауданы ерекше мәртебеге ие және екі жылдың ішінде бұнда көптеген шаруа атқарылғандығын айтып өтті. «Бұрын осы елді-мекендердегі тәртіпсіздік, жұмыссыздық, заңсыздық, ереуіл мен айқай-шу барлығымызды толғандырған болатын. Оған қарайтын бірде-бір мемлекеттік орган болған жоқ. Қазіргі уақытта тұрғындардың қажеттіліктерін өтейтін мемлекеттік құрылымдардың барлығы да бар», дейді А.Есімов.
Сондай-ақ ол Алатау ауданының инфрақұрылымдарын дамытуға әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан екі жыл ішінде 3,31 миллиардтан астам теңге бөлінгендігін айтып өтті. «Сол қаражаттың арқасында ауданда үш мектеп, үш балабақша ашылды және жуық арада 330 орындық тағы бір балабақша қолданысқа берілмек. Кеше ғана «Шаңырақ-2» ықшам ауданында үлкен емхана аштық. 160 көше жөнделіп, 35 шақырым жолға орташа жөндеу, 37 шақырымына жаңа жол салынды», дейді қала әкімі. Сонымен қатар аталмыш ауданда 8 шақырымдық жарық торабы тартылып, 23 шақырымына газ, 20-на су құбырлары тартылған.
Сонымен бірге қала әкімі аудандағы жұмыссыздықты азайту үшін де көптеген шаруа атқарылғандығын айта келе «2 жыл ішінде 2 мыңға тарта адам «Жол картасы», «Жастар тәжірибесі» бағадрламалары бойынша жұмыстарға тартылды. Ардагерлер мен қарт адамдар, көп балалы аналарға 1,5 миллион теңгеге жуық материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы тұрмысы төмен 463 отбасына 13,5 миллион тегедей әлеуметтік көмек көрсетіліп, 2100 адам әкімдік ғимаратына тіркеліп, осындай көмектерге ие болды», деп атап өтті өз сөзінде.