19:47, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Алатау IT City» еліміздегі ақпараттық технологиялық орталықтарының көшбасшысына айналуы тиіс - В.Школьник
АЛМАТЫ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Алатау IT City» ақпараттық технологиялар паркі (АТП) жобасы толық жүзеге асуы тиіс. Бұл туралы бүгін осында өткен кеңес барысында ҚР Сауда және индустрия министрі Владимир Школьник айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде елімізде инновациялық жобаларды жүзеге асырушы 9 технопарк құрылған. Алатау IT City сол технопарктердің көшбасшысы болуы тиіс», деген В.Школьник парктің дамуы үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Ол бұған бүгін АТП-де болған Елбасының тапсырма бергенін де еске салды. Бүгінде аталған парктің дамуына кедергі су, газ, Алматыдан тікелей жол салу сынды 3 негізгі мәселе бар көрінеді. Бұлардың соңғысы 2010 жылға дейін шешілетін болды. Бұл жол Алматы халықаралық әуежайы арқылы тікелей АТП-ны Алматымен жалғастырмақ. Ал электр энергиясы мәселесін шешу үшін 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Бұған 1-ші кезектегі 100 МВаттық электр станциясын салу көзделген. Министрдің айтуынша, су мәселесі де оңды шешімін таппақ. В.Школьниктің айтуынша, «Еркін экономикалық аймақ туралы» заң жобасына және ҚР Президентінің «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ туралы» Жарлығына өзгерістер енгізу қажет.ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Ұлттық компаниялар мен ақпараттық технологиялар парктерінің басшылары, ғалымдар қатысқан отырыста еліміздегі ақпараттық технологиялар паркін дамыту мәселесі сөз болды.