Алатау қаласын салуға қаражат қайдан алынады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Алатау қаласы қандай қаражатқа салынатынын айтты.

Министрдің айтуынша, Алатау қаласындағы құрылысқа Түркістанға инвестиция тарту тәсілімен ақша тартылмақ.
— Қала бюджет ақшасына салынбайтыны түсінікті. Бұл ақылға қонымсыз болар еді. Біз ол жерде арнайы экономикалық аймақтар құрамыз. Жалпы қаланың өзін арнайы экономикалық аймақ деп айтуға болады. Алатау қаласы осы қағидатпен салынады, — деді ол журналист сұрағына берген жауапта.
Бұл қала бюджет ақшасы тек мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырып, ғимараттарын күтіп ұстауға жұмсалмақ.
— Жалпы қалалық инфрақұрылым деген бар. Ол да ішінара бюджеттен қаржыландырылады. Қазір бүкіл өңірлерде сондай тәсіл жолға қойылған. Әрине, бюджет ақшасына қонай үй салып, мейрамхана ашпаймыз. Оны бизнес істеу керек. Сол үшін ерекше жағдай жасалып, жеңілдіктер беріледі, — деді Нұрлан Байбазаров.
Вице-премьер құрылыс енді басталғандықтан Алатаудың толық қала ретінде қалыптасуына қанша қаражат кететінін дөп басып айту мүмкін еместігін атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Мәжіліске үш заң таза қазақ тілінде әзірленіп түскені мәлім болды.