«Алатау» шипажайында ардагерлерді Астана мен Мәскеуге шығарып салды
ТАЛДЫҚОРҒАН. Мамырдың 6-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Қарасай ауданындағы «Алатау» шипажайында Астана мен Мәскеуде өтетін шерудегі Алматы облысының өкілдері ретінде ардагерлерді құрметтеп, оларды шығарып салды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ардагерлерге арналып мерекелік дастарқан жайылған. Ресми салтанаттың басы бір минут үнсіздікпен басталды. Бұл салтанатты шараға қатысып отырған ардагерлерге облыс әкімі Серік Үмбетов жылы сөздері мен ізгі тілектерін арнады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бүкіл ел бойынша ардагерлерді қолдау шаралары жүріп жатыр. Алматы облысы да бұл ізгі істі қолдады. Міне, бүгін біз екі ардагеріміздің Мәскеудегі, ал он майдангеріміздің Астана қаласындағы шеруге қатысуға аттанып бара жатқандығына куә болып отырмыз.», - деді облыс әкімі.
Салтанат барысында Серік Үмбетов әрбір қатысушыға мерейтойлық медаль, гүлдер мен ақшалай сыйлық табыс етті.
Делегаттарға зор денсаулық, бақыт, тыныштық тілей отырып, әкім оларға Жеңіс күнін қуанышты қарсы алып, аман-есен отбасыларына оралуына ізгі ниетін білдірді.