Алатаудағы жаңа емхана ғимараты халыққа қызмет көрсетуге дайын - бас дәрігер Гүлнар Қасымова
АЛМАТЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Алматы қаласында жаңадан іске қосылған Медеу ауданындағы Алатау кентіндегі жаңа емхана ғимараты Астана күні пайдалануға беріледі.
Оны емхананың бас дәрігері Гүлнар Қасымова бүгін қала әкімі Ахметжан Есімов емхана жұмысымен танысуға келген кезде айтты.
Алатау елді мекеніндегі ескі емхананың жанынан бой көтерген жаңа нысанның 1-қабатында балалар бөлімі, тіркеу орны, асхана және флюорография, рентген кабинеттері бар. Ал 2-қабатында күндізгі стационар бөлімі орналасқан. «Алатау қалалық емханасының» бас дәрігері Гүлнар Қасымованың айтуынша, қазіргі заманғы жа ңа құрал-жабдықтармен жабдықталатын бұл емхана жобасына 524 млн теңге жұмсалды. Еңселі және дәліздері кең, бөлмелері жарық, кішкентай балалар мен мүгедектерге арналған арнайы пандустары мен 2 лифтісі бар бұл емхананың көлемі 4800 шаршы метрді құрайды.
«Онда Алатау елді мекенінің кеңеюіне байланысты 15 сала бойынша қызмет көрсетіледі. Бұрын ем алу үшін қалаға қатынап келген тұрғындар енді қажетті қызмет түрлерін біздің емханада пайдалана алады. Физиотерапиялық, дене шынықтыру, массаж бөлімшелері біздің басты мақтанышымыз», - дейді медицина саласында 30 жылдық тәжірибесі бар Г.Қасымқызы. Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, қарапайым жұрт көбіне-көп дәрі-дәрмекпен емдеу тиімді деп санайды. Физиотерапия, медикаменттер және массажды біріктірген жағдайда ғана ол дертке шипа, жанға дауа болатынын ескермейді. Сондықтан болашақта салауатты өмір салты, диабет мектебі, кардио мектебі сияқты қосымша кабинеттер ашу жоспарлануда. Себебі Алатауда негізінен ядролық физика институтының іргетасын қалаған, жастары 50-ден асқан адамдар тұрады. Олардың көбі жүрек ауруларына шалдыққандар. Бұрын ең жақын маңдағы кардиоорталыққа бару үшін кемінде тұрғындар 40 минут уақыт жұмсайтын. Енді оны 4-5 есеге дейін қысқартуға қол жеткізіліп отыр.