Алатаудың биылғы бюджеті 13 млрд теңгеге жуық — Қанат Бозымбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Оның 60%-дан астамы жергілікті бюджетке тиесілі. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Алатау
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

— Алатаудың 2026 жылға бюджеті — 12,9 млрд теңге. Оның 7,8 млрд теңгесі қаланың өз қаражатынан алынған. 3,5 млрд теңге облыс бюджетінен трансферт жасалды. Қалған 1,5 млрд теңге жыл басында артылған қаржыдан алынды. Қазіргі жұмыстар үшін бұл шағын ғана бюджет, — деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, Алатаудың арнаулы құқықтық мәртебесі туралы конституциялық заң күшіне енген соң, қалада екі бөлек бюджет іске қосылады.

Әкімдіктің құзіретіндегі жергілікті бюджетті мәслихат бекітеді. Ол әлеуметтік және басқа да шығындарға жұмсалады.

Сонымен қатар, жеке «даму бюджеті» болады. Оны жаңа мемлекеттік орган Alatau City Authority басқарып, аталған мекеме инфрақұрылым салумен және шаһарды өркендетумен айналысады. Бұл бюджетті Премьер-министр төрағалық ететін Алатауды дамыту бойынша кеңес бекітіп отырады.

— Қала өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткенше, оның бюджетіндегі қаржыны басқа өңірлердің не қалалардың бюджетіне алуға тыйым салынды. Алатауда жиналған салықтың барлығы шаһардың өркендеуіне жұмсалады, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Алатау қаласына арнаулы құқықтық мәртебе берілгенін жазғанбыз.