Алаяқтар банк сайтында өзгелердің атынан несие рәсімдеп келген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда алаяқтар өзгелердің фотосын, бейнефрагментін қолданып, банк сайтында онлайн несие алған. Банктердің біріне 10 млн теңгеден астам шығын келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаяқтар банк сайтында өзгелердің атынан несие рәсімдеп келген

Күдіктілер 24 пен 36 жастағы, бұрын сотталмаған азаматтар болып шықты. Олар ұзақ уақыт бойы тұтынушылық несиелерді рәсемдеп келген.

«Алғашқы тергеу әрекеттері барысында анықталғандай, күдіктілер арыз-шағымда көрсетілген адамдарға айтпастан және келісімінсіз жеке деректерін, сондай-ақ олардың суреттерін немесе бейнефрагментін қолдана отырып, банктің сайтында онлайн несие алуға өтінімдерді толтырған. Несиелік өтінімдер мақұлданған соң және клиенттердің шоттарына қаражат түскеннен кейін, қаражатты интернет-банкинг арқылы басқа банктердің шоттарына шығарған. Осылайша, банктердің біріне жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілді»,- деді Медеу аудандық полиция б асқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Полицейлер жүргізген арнайы шара барысында алаяқтар анықталып, ұсталды. Тергеу аяқталғанша, екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190- бабы 4- бөлігі 2- тармағы ( «Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сеніміне қиянат жасау арқылы жасалған алаяқтық») бойынша тергелуде. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.