Алаяқтар қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсына бастады — БЖЗҚ
АСТАНА. KAZINFORM — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтарды зейнетақы жинақтарына қатысты алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырды. Қор барлық қызметтің тегін көрсетілетінін еске салып, азаматтарға жалған ұсыныстарға сенбеуді ескертті. Бұл туралы БЖЗҚ хабарлады.
Алаяқтар қандай схемаларды қолданады?
БЖЗҚ мәліметінше, алаяқтар салымшыларға телефон шалады немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жіберіп, өздерін қор қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар зейнетақы жарналары түспегенін, зейнетақы қайта есептелетінін немесе азаматтарға қосымша төлемдер тиесілі екенін айтып, жалған ақпарат таратады.
Төлемдерді рәсімдеу немесе БЖЗҚ бөлімшелеріндегі электрондық кезекке жазу сылтауымен алаяқтар азаматтардан жеке деректерін және SMS арқылы келген растау кодтарын сұрайды.
Тағы бір кең таралған тәсіл — зейнетақы шоттарының бұғатталғаны туралы жалған хабарлама тарату. Мұндай жағдайда алаяқтар кәсіпорын қызметкерлеріне немесе бухгалтерлерге хабарласып, кейін оларды жалған сот орындаушыларына бағыттауы мүмкін. Соңғылары жоқ шектеулерді алып тастау үшін айыппұл төлеуді талап етеді.
Сонымен қатар алаяқтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалану, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушыларға аудару деген желеумен қолма-қол ақшаға айналдырып беруді ұсынады. Мұндай делдалдар өз қызметі үшін алдын ала төлем талап етеді немесе азаматтардың банк деректемелерін сұрайды.
Қор өкілдері алаяқтардың жасанды интеллектіні де пайдалана бастағанын ескертті. Атап айтқанда, олар жалған сайттар жасап, адамдардың дауысын қолдан жасап, жалған аудио және бейнематериалдар таратуы мүмкін.
Зейнетақы жинақтарын алаяқтардан қалай қорғауға болады?
БЖЗҚ қызметкерлері азаматтардан телефон арқылы жеке деректерін сұрамайтынын, SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтуды немесе ақша аударуды талап етпейтінін ерекше атап өтті.
Қор қазақстандықтарға келіп түскен ақпаратты ресми сайт немесе байланыс орталығы арқылы тексеруге кеңес береді. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға жүгіну қажет.
БЖЗҚ зейнетақы төлемдері ешқандай делдалсыз және комиссиясыз рәсімделетінін еске салды. Жинақтарды тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана пайдалануға болады.
Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға аударуды салымшылар БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, өз бетінше жүзеге асыра алады.
Ал зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдалану тек уәкілетті операторлар — екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясындағы алаяқтық
БЖЗҚ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасына қатысты да алаяқтық әрекеттер көбейгенін ескертті. Атап айтқанда, делдалдар белгілі бір ақыға балалар туралы мәліметтерді бағдарламаға енгізуге немесе нысаналы жинақтарды алуға көмектесуді ұсынады.
Қор мұндай қызметтер үшін ақы төлеудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Ата-аналар мен заңды өкілдер балалар туралы мәліметтерді, соның ішінде ЖСН-ді, туған күнін, тегі, аты және әкесінің атының дұрыс жазылуын өз бетінше тексере алады.
Егер деректерде қате анықталса, оларды мемлекеттік дерекқорларда түзету немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.
18 жасқа толған қазақстандықтар да нысаналы жинақтарын пайдалану үшін уәкілетті банктер арқылы өз бетінше өтінім бере алады. Қаражатты білім ақысын төлеуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға рұқсат етілген. Бұл қызмет те тегін көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жалған стоматологиялық қызметтер арқылы зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару схемасы анықталған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл іске 42 стоматологиялық клиника қатысып, олар арқылы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.