Алаяқтар Маңғыстау облысы полициясы басшылығының атынан хабарласа бастаған

АҚТАУ.ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов өзінің атын пайдаланып, азаматтарға хабарласып жатқан алаяқтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Болатбек Ақшауовтың айтуынша, алаяқтар азаматтардың ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырады. Содан кейін қазіргі уақытта азаматтың атына несие алуға тырысқан алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтады.

Жалған полицей одан соң ҚР Ұлттық банкімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын және банк қызметкерімен байланыстыру үшін желіде қалуды сұрайды.

Әрі қарай телефонның ар жағындағы дауыс азаматтың картасы бойынша рұқсатсыз ақша аудару әрекеттері жүріп жатқанын айтып сендіреді. Ақшаны сақтап қалу үшін белгілі бір соманы банктік шотқа немесе үшінші тұлғалардың шотына салу керек екенін айтады.

«Есіңізде болсын, полиция қызметкерлері ешқашан телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейді. Міндетті түрде полиция бөлімшесіне шақырамыз, бұл ретте келетін күн мен уақытты белгілейміз. Ал банк қызметкерлері сіздің картаңыз туралы деректерді сұрамайды. Сондай-ақ ұялы телефоныңызға келетін кодтарды беруді талап етпейді», - деді Болатбек Ақшауов.

Осындай жағдайға тап болған азаматтар телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенім нөміріне дереу қоңырау шалу керек.

«Олардың ішінде менің атыммен де өздерін таныстырып жатқандар бар. Банк картасы және жеке басыңыз туралы деректерді ешқашан, ешкімге бермеңіз. Қырағы, сақ болыңыз!», - деп ескертті Болатбек Ақшауов.

Азаматтарға келіп жатқан SMS-хабарламадан мемлекеттік қызметші, полицей Ақшауов Б.И. есімін көруге болады.



Соңғы жаңалықтар