Алаяқтардан зардап шеккендер шығынын банктер мен байланыс операторлары жабуы керек - депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда телефон және интернет-алаяқтық өршіп кеткенін айтты. Бұл тұрғыда ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына сауал жолдады.

Магеррам Магеррамов
Фото: parlam.kz.

«Finprom мәліметінше, тек 2022 жылы ғана алаяқтар Қазақстан тұрғындарына 95,8 млрд теңге залал келтірді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 88,3 пайызға артық. Қылмыстардың жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалады. Қылмыстық істердің осы санатының ашылу деңгейінің төмендігіне байланысты жәбірленушілердің тек 2,5% ғана материалдық залал өтелді. Киберқылмыстарды шетелдегі халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтары (ҰҚТ) жасайды деп болжауға негіз бар», - деді М. Магеррамов.

Бұл ретте ол жеке адамдардың мәліметтері мен банк деректеріне ие болған телефон алаяқтары әрбір қазақстандыққа қоңырау шалып жатқанын айтты. Тек 2023 жылдың өзінде ғана Қазақстанға жалған нөмірлерден байланысқан 43 миллионнан астам қоңырауға тыйым салынды.

«Қазір депутаттар қазақстандықтардың мүддесін қорғау үшін нақты ұсыныстарын дайындап жатыр. Яғни екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларының инфрақұрылымы көмегімен алаяқтар өздерінің әрекеттерін жасап жатады. Сондықтан осы инфрақұрылым арқылы алаяқтар өздерінің әрекеттерін іске асырса, онда зардап шеккендерге келтірілген шығынның орнын аталған банктер мен ұялы байланыс операторлары толтыру тиіс деген жауапкершілікті жүктеу ұсынылды. Заң жобасындағы мұндай жауапкершілік кибер алаяқтыққа қарсы тұру үшін қаржы және телекоммуникациялық компаниялардың қуатты технологиялық ресурстарын іске қосуға мүмкіндік береді», - деді депутат.