Алаяқтарды қалай айналып өтуге болады – сарапшы пікірі

АСТАНА.KAZINFORM – Соңғы уақытта интернет алаяқтары жеке деректер мен аккаунттарға қол жеткізудің жаңа тәсілдерін қолдана бастаған. Осыған байланысты заңгер Абзал Бекбосынов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында қауіптің негізгі белгілері мен сақтық шараларын түсіндірді.

мошенники
Фото: ҚР ҰҚК

– Алаяқтардың әдісі бойынша пайдаланушыға «Telegram қолдау қызметінен» хабарлама келеді. Онда «Сіздің аккаунтыңызды жою туралы сұрау түсті, егер бұл сіз болмасаңыз, 24 сағат ішінде мына батырманы басып, әрекетті тоқтатыңыз» деп жазылады. Бұл – психологиялық қысым. Адам аккаунтынан айырылып қалудан қорқып, асығыс шешім қабылдайды. Сілтемеге өткен кезде сізден растау кодын енгізу сұралады. Кодты жазған сәтте алаяқтар аккаунтыңызды толық бақылауға алады. Олар сіздің атыңыздан жақындарыңыздан ақша сұрауы немесе жеке деректеріңізді өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін, – деді спикер.

Абзал Бекбосынов
Фото: видеодан алынған скрин

Маман мұндай жағдайға тап болғанда бірден әрекет ету қажеттігін атап өтті.

– Алдымен скриншот жасап, күмәнді сілтемелерді бұғаттау керек. Екі факторлы аутентификацияны қосу қажет. Сонымен қатар киберполицияға немесе жергілікті полицияға жүгіну керек. Егер банк шоттарына қатысты күмән туындаса, оларды да бұғаттаған жөн, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда алаяқтық тек қарапайым тәсілдермен шектелмей, шетелден басқарылатын күрделі киберқылмыс түріне айналып отыр.

– Жақында Қазақстанның ІІМ Украина полициясымен бірлесіп, осындай қылмыстық топтарды анықтап, құрықтады. Сондықтан интернет кеңістігінде барынша сақ болу қажет, – деді Абзал Бекбосынов.

Еске салайық, Қазақстан киберполициясы 2025 жылы шетелде 7 call-орталықты жойды.