Алаяқтарға әйелдер жиі алданады – жедел уәкіл
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде өзге қылмысқа қарағанда алаяқтық өршіп тұр. Облыста былтыр 1 037, биыл 102 іс тіркелді. Көбіне үйде отырып, табыс тапқысы келген әйелдер сан соғып қалады. Сонымен бірге зейнеткерлер де жиған-тергенінен айырылып жатыр. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Ақтөбе қалалық полиция басқармасы №3 бөлімінің жедел уәкілі Тілек Ражапов айтып берді.

- Соңғы кездері интернет алаяғына алданғандар туралы ақпарат жиі тарайтын болды. Оның неше түрі бар?
- Көбіне банк, полиция қызметкері, жеке сот орындаушысы, Ұлттық қауіпсіздік қызметіненмін деп хабарласады. Кейде оған да сенбейді. Сол кезде әлеуметтік желі арқылы қызметтік куәлігін жіберіп, жалған құжатты көрсетеді. Сенімге кірген соң банктегі есепшоттың бұғатталғанын, алаяқтардан қорғау үшін RustDeck, AnyDesk, HotoDesk, AvvalDesk, TeamViewer қосымшасын жүктеп алуды тапсырады. Бұл - қашықта отырып, телефонды толық басқаруға мүмкіндік беретін қосымша. Арнайы кодты білген кезде сіздің қолыңыздағы телефонды екінші адам оңай басқарады. Сөйтіп банктегі ақшаңызды алады, тіпті несие де рәсімдеп жіберіп, оны өзі иеленеді. Көбіне жасы үлкен адамдар қармаққа ілініп қалады.
- Үлкен кісілер, соның ішінде зейнеткерлер телефонды бүге-шігесіне дейін біле ме сонда?
- Алаяқтар адам психологиясын жақсы меңгерген. Олар адамдармен өте сыпайы сөйлеседі. Таяуда ақтөбелік әйел алданды. Оған бейтаныс нөмірден бір адам хабарласып, банк есепшотына алаяқтар шабуыл жасағанын айтқан. Алғашында жәбірленуші оған сенбеген, тұтқаны қоя салған. Сол кезде алаяқ өзге нөмірден қайта хабарласып, көндіреді. Курьер жіберуге келіседі. Бейтаныс адам осы кезде қаладағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан кеңсе тауарларын сататын дүкендегі құжатты басып шығару қызметін пайдаланады. Оған да курьер жіберіп, жалған құжатты алып, ақтөбелік әйелге апарып беру үшін тапсырыс түсіреді. Курьер тапсырысты орындап, жәбірленушіге «500 мың теңге несие алып жатыр» деген құжатты көрсетеді. Сол кезде сеніп, телефон арқылы сөйлеседі. Соңында шын мәнінде несие рәсімделгенін ұғады. Ол кезде бәрі кеш, алданып қалғанын біледі.
Мұнымен іс бітпейді. Алаяқ ақшаны қолма-қол шешу үшін дропперлерді қолданады, яғни, делдалдарды іздеп, табады. Олар студент, жұмыссыз жүрген адамдар болуы мүмкін. Әлеуметтік желі арқылы оңай табыс табуға болатынын хабарлап, жарнама береді. Тез баюдың, ақша табудың «буына» түскендер бәрін істеуге әзір. Сөйтіп тағы бір легі құрыққа түседі. Дропперге бірнеше банктен есепшот ашып, карта алуды тапсырады. Кейін барлық реквизитін алаяқ иемденеді. Дәл осы кезде ақша аударылған есепшоттарды екінші дейгейлі банктерден сұрап, тергеу жүргіземіз. Тергеу кезінде 16-17 жастағы студенттерге тиесілі болып шыққанын білеміз. Алдымен студент қорқып, хабарсыз қалады. Ал ата-анасы білген кезде алаяқтың құрбаны болғанын біледі. Дроппер істе куәгер ретінде тіркеледі.
- Банктегі ақшаны қолма-қол алудың жолы бар ма?
- Осы кезде «инкассатор» жұмысқа кіріседі. Ол банкоматтан ақша алатын адам. Тағы бір аты – «гастролер қылмыскер». Көбіне олар бетперде киіп, бас киімін басып киіп жүреді. Бет-әлпетін көру мүмкін емес. Өте әккі адам камералардың қайда орналасқанын, жан-жағындағы адамдарды біліп, зерттеп алған. Ақтөбе қаласы Алтын орда шағын ауданындағы супермаркеттердің бірінен екі рет мол қаржыны алып кетті. Бірі 5 млн теңге, екіншісі 3,3 млн теңге. Екі адам. Арасында бір апта уақыт бар. Алғаш 5 млн теңге алып жатқан кезде банктен хабарласып, күдік тудырғанын айтты. Полиция жеткенде күдікті кетіп қалған, үйлердің қуысына кіріп, белгісіз бағытта ізін жасырды.
- Оны ұстау мүмкін болмады ма?
- Табу мүмкін болмады. Ақшаның ізі осылай жоғалады. Жәбірленушіге бәрі түсіндірілді. Егер бет-әлпеті көрінсе, құрыққа түсіру жеңілдейтін еді. Бетперде киіп, түнде жұмыс істейтін алаяқтарды ұстау қиын болып тұр. Қазақстан аумағындағы байланыс нөмірлерінен хабарласатыны жасырын емес. Тек бәрі тіркелмеген нөмір. Олар Simbox аппаратын қолданады. Оны арнайы органдар пайдаланады. Дегенмен алаяқтар да кәдесіне жаратып тұр. Бір сәтте 700 sim карта салып, хабарласа береді.
- Қылмыстық істің ашылып, күдіктінің ұсталған кезі болды ма?
- Былтыр Ақтөбе қаласының тұрғыны 41 млн теңгеге үй сатып алуды жоспарлап, кейін ойынан айнып қалады. Қаржыны депозитке салған кезде алаяқтар да дөп түсіп, хабарласады. Интернет алаяғының дәл осындай тізбекпен Шымкент және Орал қаласында адамдарды алдағанын білдік. Ақшаны алып, шекара аспақ болған гастролер қазір Оралдағы тергеу изоляторында отыр. Ол Шымкенттен басқа елге шығып бара жатқан кезде ұсталды. Тергеу кезінде күдіктінің Ресей елінің азаматы екені анықталды.
- Ал қазақстандықтардың телефон нөмірін қалай іріктейді?
- Адамдар банк қызметкерлерінің де қатысы бар деп ойлайды. Бұл - қате пікір. Бірақ миллиондарға сатылатын ақпарат базасы бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Қазір тіпті адамдардың өздері бар ақпаратын ашық ұстайды. Әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз бар мәлімет тұр. Тіпті танысын да тегтеп қояды. WhatsApp желісі арқылы «лайк басыңыз» деп хабарлама келсе де кейде қауіпті. Ол файлда вирус болса, бағдарлама істен шығады. Ал сізде сақталған адамдардың байланыс нөміріне «маған ақша керек» деген хабарлама жіберіледі. Адамдар ақша аударып, алданып қалатыны осыдан. Диалог орыс тілінде болады. Үнемі осыны жадыңызда ұстаңыз. Осы кезде телефонды сөндіріп, қосу қажет. Баптауды қарап, өзге желімен қосылып тұр ма, жоқ па анықтаңыз. Мұның бәрін айтып, базарларда да хабарлама беріп жүрміз. Адамдар басынан өткенде ғана түсіне бастайды.
- Сонда күн сайын «алданып қалдым» деп шағым жазыла ма?
- Иә, арыз күн сайын қабылданып жатыр. Талдау жасау кезінде ұрлық-қарлық, ауыр, аса ауыр қылмыс емес, интернет алаяқтық көбейгенін көреміз.
- Тауар сатып алатындар қалай алданады?
- Әйелдер ыдыс-аяқ, көрпе-төсек сатып аламын деп сан соғып қалады. Елімізді шулатқан жағдайды бәрі біледі. Ақтау қаласында төмен бағада ыдыс-аяқ сатуға келіскен адам ұсталып, бізден үш адам жәбірленуші болды. Шынында алаяқтарға әйелдер жиі алданады. Бала күтімімен үйде отырғандар қосымша табыс табуды ойлап, түрлі жарнамаларға сенгіш келеді. Кейбірі жеке кәсіпкерлік құжатын беріп жібер, қарызға батқанын білмей қалады. Уақыт өткен сайын интернет алаяқтардың да құйтырқы әрекеті көбейген.
- Көп ақшасынан айырылғандар бар ма?
- Қазақстан аумағындағы құқық қорғаушылар алаяқтарды анықтау, оны ұстау үшін біріге жұмыс істейді. Бір-бірімізге ақпарат беріп, қажет кезде көмек сұрап отырамыз. Мәселен былтыр Шымкент қаласында кәсіпкер ақшасын көбейтемін деп 103 млн теңге шығынға қатты. Ол криптовольюта арқылы табыс тапқан, бірақ соңында құрыққа түсіп қалып тұр. Ақша Ақтөбе қаласында қолма-қол алынған. Соңғы кездері бұл саланы, осы табыс түрін таңдаған адамдар көбейіп келеді. Бірақ олардың қаржылық сауаттылығын әлі де арттыра түсу керек. Олар болса бірер курстан өтіп, осы салаға түбегейлі тәуелді болып қалады. Арасында кәсіпкерлер ғана емес, студенттер де көбейді. Сондықтан бұл құқық қорғаушының емес, қоғамдық ортақ күресіне айналуы тиіс. Полиция алдын алу үшін түрлі бейнеролик таратады, ал адамдар оған мән бермей, жаба салады. Біз туған-туыстың арасында да бір-бірімізді қорғап, алаяқтардың әрекеттері туралы жиі хабарлап отыруымыз қажет.
- Сұхбатыңызға рахмет.