Алаяқтармен тиімді күресу үшін интернет-жарнаманы заңдастыру қажет – министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың басынан алаяқтықпен байланысты 17,5 мың қылмыс тіркелді. Алдаудың ең көп тараған тәсілі - онлайн-сауда. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» Заң жобасына қосымша консультативтік құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаяқтармен тиімді күресу үшін интернет-жарнаманы заңдастыру қажет – министрлік

«2022 жылдың басынан бастап алаяқтықпен байланысты 17,5 мың қылмыс тіркелді. Ал алдаудың ең көп тараған тәсілі әлі де онлайн-сауда болып отыр. Сондықтан интернет-жарнаманы заңдастыру онлайн кеңістіктегі алаяқтық мәселесімен тығыз байланысты. Бұл шаралар біріктіріліп, алаяқтармен күресті тиімдірек етеді және сонымен бірге жарнама нарығының ашықтығын арттырады», - делінген консультативтік құжатта.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Талдау және ақпарат орталығы» жүргізген мониторинг нәтижесінде былтыр онлайн-платформалардан мына құқық бұзушылықтар анықталды:

- азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату – 100 факті;

- суицидті насихаттайтын ақпаратты тарату – 88 факті;

- басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты тарату – 147 факті;

– кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты тарату – 21 факті.