Алаяқтығы үшін сотталған әйел колониядағы танысын сан соқтырып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қалалық сот бұрын істі болып, жақында ғана бостандыққа шыққан Асамбаеваға қатысты тағы үкім шығарды. Бұл жолы ол мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына пара беруге арандатты деп айыпталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аса ірі көлемде бөтен мүлікті жымқырғаны үшін түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген Асамбаева сотталушы Бекжановпен танысқан.
Олардың арасында сенімді қарым-қатынастар орнаған. Асамбаева жаңа «досына» 15 күннен кейін бостандыққа шығатынын және оның жазасын шартты түрде өтеуге ауыстыру мәселесін шешуге тырысатынын айтқан.
Асамбаева (алдау жолымен ақша жымқыру мақсатында) Бекжановты мерзімінен бұрын босап шығу үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына 6 мың доллар көлемінде пара беруге арандатқан.
Бостандыққа шыққан Асамбаева Бекжановтың әпкесінен 1 миллион теңге алу барысында тұтқындалды.
Сот үкімімен ол пара беруге арандату және алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Үкімдерді жинақтай келе, алдыңғы үкіммен қайталанатынын ескере отырып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.