Алаяқтық жолмен субсидия алған «кәсіпкер» 5 жылға сотталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алаяқтық жолмен мемлекеттен субсидия алу механизмін жасаған «кəсіпкер» шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде асыл тұқымды сиырларды, бұқаларды сатып алуда құнын арзандату бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Алайда, кейбір пысықтар мемлекеттің қолдауын тек жеке басының қамы үшін пайдаланғысы келеді.
Ведомствоның дерегі бойынша Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметінде осындай «кәсіпкерге» қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Онда көрсетілгендей, алаяқ «кәсіпкер» ЖШС-мен құны 13,6 миллион теңгеге 40 бас «абердин ангус» асыл тұқымды ірі қара сатып алу туралы алдын ала келісімшарт жасасып, артынша бұл ақшаның 7,4 миллион теңгесін ғана өтеген. Сатушыға қалған ақшасын келесі айдың ішінде толық өтейтінін айтып сендірген. Бұған қоса, субсидия алу үшін ЖШС-дан 40 бас ірі қара толық сатып алынды деген анықтама алған. Сондай-ақ, түбіртекке сатып алынған ірі қараның ақысы - 13,6 миллион теңгенің толық өтелгенін де көрсеткен. Бұдан кейін ақшаның жоқтығын алға тартып, сатып алған ірі қаралардың біразын қайтарып берген, ал, қалғанына техника жеткізіп беру бойынша келісімшарт жасасқан», - деп түсіндірді ведомстводағылар.
Мұнымен тоқтамай «кәсіпкер» келесі ЖШС-мен бұл жолы 19 миллион теңгеге 50 бас «қазақтың ақбас» сиырлары және 38 миллион теңгеге 100 бас «абердин ангус» қашарларын сатып алу туралы келісімшарттар жасайды. Мұнда да сатып алынған малдың жартысының ақшасын төлеп, субсидия алуға өтініш береді.
«Осылайша, алаяқ «кәсіпкер» облыстық бюджет есебінен субсидия ретінде 20 миллион 498 мың теңге ақша алған», деп түсіндірді ведомстводан.
Бюджеттен жымқырған ақшаға ер адам трактор сатып алған. Ол осылайша заңсыз алған мүлкін заңды айналымға жіберген.
Сотта алаяқ «кәсіпкер» өзінің кінәсін толықтай мойындайтындығы туралы процессуалдық келісімге келетіндігі жөнінде өтініш берді. Сот мемлекетке келтірілген 20 миллион 498 мың теңге ақшаның толық өтелгенін ескере келе, оны ҚР ҚК 190 бабының 4 бөлігі 2 бөлімшесі бойынша (алаяқтық) және 218 бабының 1 бөлігі бойынша (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және мүлікті заңдастыру) кінәлі деп танып, 5 жылға шартты түрде соттады. Оған қоса, ер адам 5 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін субсидия алу бағытында қызметпен айналысуға құқынан айырылды және мәжбүрлі түрде 100 сағаттық еңбекке тарылды.