Alayaq.net: интернеттегі алаяқтық туралы хабарлауға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтар «Alayaq.net» порталы ақылы интернеттегі алаяқтық жағдайлары туралы хабарлап қана қоймай, өзінің қаржылық сауаттылығын арттыра алады, сондай-ақ интернеттегі алаяқтыққа қарсы республикалық жастар қозғалысына қосыла алады деп, хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық «Alayaq.net» жастар қозғалысы қарқын алып келеді. Ол жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі алаяқтық жағдайларының алдын алуға, интернеттегі алаяқтыққа қарсы күресте жастар мен мемлекеттік органдарды, банк секторын жұмылдыруға бағытталған.
«Интернет порталға кірушілердің назарына біз алаяқтардан қорғанудың жолдары туралы пайдалы ақпаратты, түрлі алаяқтық схемаларды әшкерелейтін бейнероликтерді ұсындық. Мұнда адал блогерлердің тізімдерімен танысуға да болады. Сондай-ақ, белгілі бір инфлюенсердің қара тізімде бар-жоғын тексеру мүмкіндігі де қарастырылған.Ең бастысы, біздің порталдың көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқтық фактілері туралы хабарлай алады, «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының мүшесі атанып, алаяқтықпен күреске өз үлесін қоса алады», - дейді жоба жетекшісі Абылайхан Әбдіраш.Оның айтуынша, жоба ұйымдастырушылары барлық өтінімдер бойынша тегін консультациялық көмек көрсетеді. Алаяқтық жағдайлары туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі Alayaq.net парақшалары арқылы да қабылданады. Бүгінгі таңда жобаны ұйымдастырушылар мыңнан астам өтінімді қабылдап, өңдеген. Жоба туралы толық ақпаратты «Alayaq.net» сайтынан білуге болады.