Албанияда автобус құзға құлап кетті: 8 адам қаза тауып, 40-тан астамы жараланды
АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Албанияда аса ірі жол-көлік апаты орын алды. Жолаушылар автобусы 90 метрлік құздан құлап кетті. Оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 41 жолаушы жарақат алды. Бес адам аса ауыр халде жатыр,
деп хабарлайды РБК.
Тирана - Афины бағыты бойынша бара жатқан грек көлік компаниясының автобусымен қайғылы жағдай елдің оңтүстігіндегі Тепелен қаласынан бірнеше шақырым жерде орын алды.
Албандық полицияның айтуынша, себелеп жауған жаңбыр кезінде жүргізуші көлік рөліне ие бола алмай, автобус 90 метрлік құздан құлап кеткен. Сонымен қатар, автобус жолаушыларының айтуынша, қолайсыз ауа райына қарамастан, жүргізуші үздіксіз ұялы телефонмен сөйлесіп, автобусты сенімсіз жүргізіп келе жатқан.
Көлік апаты орын алған жерге зардап шеккендерге көмектесу және қаза болғандарды көлік ішінен алып шығу үшін жүзден астам полиция қызметкері келді.