Албаниядағы шерудің аяғы полициямен қақтығысқа ұласты

АСТАНА. KAZINFORM — Албания астанасы Тиранадағы үкімет пен білім министрлігі ғимараттарының алдындағы жаппай шерулердің арты құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Протесты в Албании переросли в столкновения с силовиками: задержано более 20 участников
Фото: BIRN/Fjori Sinoruka

Полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашатын құрылғыларды қолданды. Тиранадағы үкімет алаңы кеше шиеленістің орталығына айналған.

Студент топтары мен жас белсенділер ұйымдастырған наразылық акциясы бастапқыда білім беру жүйесін реформалауды және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап еткен бейбіт шеру болатын. Алайда, түстен кейін жағдай зорлық-зомбылыққа ұласты.

Наразы топ министрлік ғимаратына және қауіпсіздік күштеріне тас, бетон сынықтарын лақтырған. Жауап ретінде арнайы күштер бөлімшелері наразылық білдірушілерді орталық алаңнан шығару үшін су шашатын құрылғылар мен көзден жас ағызатын газды қолданды. Жергілікті полицияның мәліметінше, 20-дан астам адам ұсталды, шерушілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар.

Еуропалық бақылаушылар Албаниядағы қазіргі тәртіпсіздіктер Эди Рама басшылық ететін үкіметтің саясатына деген қатталған әлеуметтік наразылықтың жалғасы деп жазып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, шеруге жастар арасындағы жұмыссыздық пен инфляцияның жоғары деңгейі, университеттерге қаржының аз бөлінуі және жүйелі реформалардың жоқтығы, бюджет шығындарын бақылауды пысықтау және сыбайлас жемқорлықтың өршуі себеп болған.

Албания үкіметі конструктивті диалогқа дайын екенін білдірді, сонымен бірге құқық қорғау органдарына қарсы күш қолдануды айыптады. Қауіпсіздік күштерінің лауазымды тұлғалары полицияның әрекеттері тек мемлекеттік нысандарды қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Тирана орталығындағы жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында, ал астананың негізгі әкімшілік аудандарында патрульдеу күшейтілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Францияда оқушылар көтерген мәселе саяси сипат алғанын жазғанбыз.