Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы экономика өсімінің драйверіне айналады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы экономика өсімінің драйверіне айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу
Фото: Kazinform

- Сіздердің қарауларыңызға 2027 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы енгізіледі. Болжам әлемдік экономика және сыртқы нарықтардағы конъюнктура бойынша болжамдарды ескере отырып қалыптастырылды. Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып келеді. Базалық нұсқаға сәйкес 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжанады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі, - деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер мәліметінше, экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады.

- Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжанады, - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді.

- Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қоймалау 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі. Оң сауда балансы сақталады, - деді вице-премьер.

Айта кетейік, Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюдет туралы» заң жобасы, сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыға салынады.