Алдағы 5 жылда жол бойларында мотель түріндегі 60 қонақүй пайда болады
АСТАНА. KAZINFORM – 2029 жылға дейін жол бойларында мотель түріндегі 60 қонақүй пайда болады. Халықаралық франшиза негізінде салынатын бұл нысандарда жатын орын, TIR тұрағы, жанармай бекеттері болады.

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында биыл 4 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлім етті.
- Жол бойындағы заманауи сервистік объектілерді қалыптастыру үшін QazaqOil, RoyalPetrol және Compass сияқты ірі инвесторлар 400-ден астам нысан салуды және модернизациялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Petro Retail компаниясы жол бойындағы сервис нысандарының жүйесін құрады. 2029 жылға дейін 60 кешенді нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 10-ы биыл жүзеге асырылады, - деді ол.
Аталған жобаға 120 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
- Аталған компания елімізде бірінші рет халықаралық франшиза негізінде мотель түріндегі қонақүйлер жүйесін қалыптастырады. Яғни, жатын орын, TIR тұрағы, жанармай бекеттері және жүргізушілер мен туристерге арналған бірыңғай сервистік қарастырылған, - деді Марат Қарабаев.
Бұған дейін биыл елдегі автожолдардың ақылы учаскелеріндегі тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсуі жоспарланғаны мәлім болған еді.