Алдағы айларда Палестинаны мемлекет ретінде мойындауымыз әбден мүмкін – Макрон
АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті Эммануэль Макрон Франция алдағы айларда Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауы мүмкін екенін айтты, деп жазады Анадолы.

Бұл шешім маусым айында Сауд Арабиясымен бірлесіп өткізілетін халықаралық конференция аясында қабылдануы ықтимал. Конференцияда Израиль мен Палестина арасындағы «жанжалды» шешудің «екі мемлекет» қағидасы талқыланады, ал Макрон осы жиынның төрағасы болады.
Макрон Палестинаны мойындау мәселесін Мысырға жасаған екі күндік сапарынан кейін France 5 телеарнасына берген сұхбатында айтты.
– Біз Палестинаны мойындау жолында алға жылжуымыз керек. Бұл қадамды алдағы айларда жүзеге асыруымыз әбден мүмкін, - деді Франция президенті.
Ол маусым айында Сауд Арабиясымен бірге өткізетін екі мемлекет шешіміне арналған халықаралық конференцияда Палестинаны мемлекет ретінде мойындау мәселесі түбегейлі шешілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
6-7 сәуір күндері Мысырға жасаған ресми сапары кезінде Эммануэль Макрон Палестина мен Израиль арасындағы екі мемлекет шешімін қарастыратын халықаралық конференция ұйымдастыратынын, оның теңтөрағасы Сауд Арабиясы болатынын жариялады.
2023 жылдың 7 қазанынан бастап Израиль Газада әскери шабуылдарын бастағалы бері Франциядағы оппозиция Палестинаны шұғыл түрде мемлекет ретінде мойындауға шақыруларын күшейтті.
Айта кетейік, Индонезия президенті Прабово Субианто жараланғандарды қосқанда 1 000-ға жуық палестиналықты уақытша қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.