Алдағы екі күнде ҚҚС мөлшерлемесі туралы ұсыныстар Парламентке ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қосылған құн салығын талқылау аяқталғанын мәлім етті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 жұмыс тобы бүкіл өңірлерді аралап, бизнеспен, кәсіпкерлермен кездесіп шықты. Сол кездесулерде айтылған ұсыныстарды қазір талдап жатырмыз. Бүгін-ертең ұсыныстарды Парламентке енгіземіз, — деді Азамат Әмрин.
Сондай-ақ, ол кездесулердің қорытындысында қандай ортақ пайымдар айқындалғанын атап өтті.
— Қазіргі жағдай бойынша қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз болады деп отырмыз. Кәсіпкерлермен, әсіресе шаруа қожалықтарының иелерімен кездескен кезде ауыл шаруашылығы үшін ҚҚС мөлшерлемесін 0 пайыз ету мәселесі айтылды. Осы кездесулерде керісінше ҚҚС-ны қалдыру туралы ұсыныстар болды. Сондықтан біз мұны ерікті етуді жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығының өкілдері ҚҚС төлегісі келсе, төлейді. Денсаулық сақтау саласы үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10 пайыз болады. ҚҚС салудың ең төменгі шегі 15 млн теңге деңгейінде қалады. Ол мәселе бойынша түрлі нұсқалар айтылды. Бірақ кәсіпкерлердің көбі осы шек керек деп отыр, — деді вице-министр.
Аталған кездесулерде ҚҚС 16% болса, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төлеу өзгеріссіз қалатыны айтылған болатын.
Осыған дейін Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиістігін айтқан еді.