Ендігі мақсат — Олимпиада: Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алдағы жоспарын айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бокстан Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарының чемпиондары Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай Kazinform агенттігінің тілшісіне алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
20 жастағы Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Бұл салмақта отандық бокстың жеңісті дәстүрі қалыптасқан: Олимпиада ойындарында дәл осы салмақта Бақтияр Артаев (2004), Бақыт Сәрсекбаев (2008), Серік Сәпиев (2012) және Данияр Елеусінов (2016) алтын медаль еншілеген еді. Жас спортшы иығында үлкен жауапкершілік бар екенін сезінетінін, бірақ бар ойы мен күш-жігерін жаттығуға арнайтынын жеткізді.
— Алматы әуежайында осындай ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңыз үшін баршаңызға рақмет. Азиада-2026 турниріндегі жеңісімді бүкіл Қазақстан халқына арнаймын. Бұған дейін бокстан Азия ойындарындағы алтын медаль Қазақстанға соңғы рет 12 жыл бұрын бұйырғанын білесіздер. Осы үзілістен кейін елге қайтадан Азиада алтынын сыйлағаныма өте қуаныштымын. Бұл ел үшін өте маңызды жетістік деп ойлаймын. Жеңістің сыры қарапайым — әр жекпе-жекті жақсы өткізуге тырыстым, — деді Төрехан Сабырхан.
2026 жылғы Азия ойындарының финалы Төрехан үшін ерекше маңызды болды. Себебі ол 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында иорданиялық Зеяд Ишаиштен ұтылып қалған еді. Ал бұл жолы одан сенімді түрде қарымта қайтара алды.
— Дайындықтың өте жоғары деңгейде өткені қатты көмектесті. Азия чемпионатындағы жеңілістен кейін қателермен мұқият жұмыс істедік, соның ішінде Америкаға оқу-жаттығу жиындарына бардық. Онда кемшіл тұстарымды жөндеп, дене дайындығын арттырдық, дұрыс қалпына келу кестесін жасап, рингте қалай бокстасу керегін, қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттігін пысықтадық. Осының бәрін Америкада бас бапкер Нұржан Насановпен және өзімнің жеке бапкерім Ильяс Оралбековпен бірге шыңдадық. Әрине, финалда тартыс болды, бірақ мен бар күшімді салып, жеңіске жеттім, — деді Төрехан Сабырхан.
Спортшы Азиададан кейін сәл демалып, дайындықты қайта жалғастыратынын айтты. Өйткені 2027 жылы Астанада лицензиялық әлем чемпионаты, ал 2028 жылы Олимпиада ойындары өтеді.
Азия ойындарының бокстан тағы бір чемпионы, ұлттық құрама капитаны, 26 жастағы Айбек Оралбай да АҚШ-тағы жаттығу жиындары текке өтпегенін және мұхиттың арғы жағында жасалған жұмыс Азия ойындарында өз нәтижесін бергенін атап өтті.
— Аман-есен оралғанымызға өте қуаныштымыз. Жапонияда тұтас бір ай болып, оқу-жаттығу жиындарынан өттік әрі сәтті өнер көрсеттік. Нәтижеге көңіліміз толады, бірақ алдымызда әлем чемпионаты күтіп тұр, ал басты мақсатымыз — Олимпиада. Олимпиада ойындарында әрқайсысымыз медаль алуымыз керек, — деді Айбек Оралбай.
Еске салайық, Жапонияда 2026 жылғы Азия ойындары ресми түрде аяқталды.
Азиадаға қатысқан боксшылар мен дзюдошылар елге оралды. Оларды салтанатты түрде Алматы әуежайында қарсы алды.