Алдағы 1-2 жылда «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы мамандары 30 пайызға жаңарады - Ө.Шөкеев
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Алдағы 1-2 жылда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы мамандары 30 пайызға жаңарады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларына арналған Үкімет отырысында аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қордың басқару жүйесін, кадрларын жаңарту үдерісі басталғанын атап өткен Ө.Шөкеев: «Бір-екі жылдың ішінде 30 пайызға дейін басқарушы мамандар жаңартылады деген ойдамыз», - деді.
Қор басшысының атап өтуінше, белгілі халықаралық деңгейдегі әдістемеге сәйкес басқарма басшылары, олардың орынбасарлары, басқарушы директорлар, департамент директорлары тесттен өтетін болады.
«Оның ішінде тиісті басқару және кәсіби тәжірибесін ескере отырып, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қатарынан кадрлар даярлауды көздеп отырмыз», - деді ол.
Оның айтуынша, өткен жылдан бері қордың ішінде «ТОР-100» арнайы кадрлық резерв қалыптасқан. Ол тізімге біліктілігі аса жоғары қызметкерлер іріктеледі.