Алдағы 10 жылда Орталық Азия елдеріне 170 млрд доллар инвестиция тартылады – ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 10 жылда Орталық Азия елдеріне 170 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы 10 жылда Орталық Азия елдеріне 170 млрд доллар инвестиция тартылады – ҚР Президенті

«Аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту қазір көп жағдайда инвестиция тартуға бағытталған шаралардың тиімділігіне байланысты. Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда біздің шетелден тікелей инвестиция тарту жөніндегі әлеуетімізді шамамен 170 миллиард доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 миллиард доллар көлемінде болады деп болжап отыр», - деді Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Осы орайда Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірлік жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандырудағы тиімді платформа бола алатындығын айтты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдік қаржы институттарының тәжірибесі мен жаңа тетіктерін ұсына алады. Орталыққа қазірдің өзінде әлемнің 64 елінен 1400-ден астам компания тіркелген. «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген шетелдік компаниялардың көпшілігі өз бизнестерін Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де жүргізгісі келеді. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа «AIFC Multipass» өнімі әзірленді. Бұл – «Астана» халықаралық қаржы орталығы серіктестерінің іскерлік мақсатпен қатысушы-мемлекеттердің аумағында кедергісіз жүруіне мүмкіндік беретін ерекше мәртебеге ие виза. Бұл Орталық алаңы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кез-келген форматын өткізуге ашық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.