Алдағы 2-3 жылда өсімдік майы қымбаттайды - өндірушілер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 2-3 жылда әлемдік нарықта өсімдік майының бағасы көтеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен «KazOil 2018» халықаралық май-тоңмай конференциясында «Сингента Қазақстан» ЖШС менеджері Олжас Тұрсынқұлов мәлім етті.
«Екі-үш жылдан кейін әлемдік нарықта өсімдік майы, оның ішінде күнбағыс пен рапс майлары қымбаттайды. Бағаның өсетіні айдан анық, себебі әлем бойынша пальма майының өндірісі азайып келеді. Пальма майының бағасы өте арзан және оны техникалық мақсатта жиі қолданады», - деді Олжас Тұрсынқұлов.
Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде 360 мың тонна өсімдік майын өндіріп отыр, оның 349 мың тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етеді.
«Соңғы бес жылда Қазақстан майлы дақылдарды егу алқабын 5 есеге ұлғайтты. Алайда, бұл көлем тек ішкі сұранысты өтеуге жетеді. Яғни, қазіргі уақытта 3 млн гектар жерге майлы дақылдар егіледі. Әсіресе, зығыр мен күнбағыс майларына ерекше көңіл бөлінеді», - деді О. Тұрсынқұлов.
Айта кетейік, Астанада екінші рет ұйымдастырылған «KazOil 2018» халықаралық май-тоңмай конференциясы 28-29 қараша күндері өтеді. Қазақстанның өсімдік майын жиі экспорттайтындар қатарында Тәжікстан, Қытай, Өзбекстан елдері тұр.
Жиынның екінші күні отандық және халықаралық сарапшылар органикалық өнімдерге қатысты өзекті мәселелерді талқылайды.