Алдағы 2 аптада егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 2 аптада егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов осылай мәлім етті.

Алдағы 2 аптада егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар

«Қазіргі уақытта елімізде 8 облыста егін ору жұмыстары өз жалғасын табуда. 4 облыста егін бастыру жұмыстары аяқталды. Олар: Оңтүстік Қазақстан. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары. 3-4 облыста егін жинау аяқталуға жақын»,- деді комитет төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің ең астықты өңірлері Ақмола облысында 73, Қостанай облысында 66, Солтүстік Қазақстанда 72 пайыз астық бастырылған.

«Қазір ауа райына байланысты 1-2 күн жұмыс тоқтап қалды. Дегенмен, біздің ойымызша, комбайнның, жанармайдың жеткілікті болуына байланысты алдағы 2 апта ішінде ауа райы қолайлы болса егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар», - деді С.Қасенов.