Алдағы 2 жылда қосымша жаңа 15 халықаралық әуе бағыттары ашылады - Ж.Қасымбек
АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2016 жылға дейін барлық әуежайлар қайта құрылады. Бұл бүгін Алматыда өткен Халықаралық сауда, саудаға жәрдемдесу және саудаға көмек мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жаһандық тақырыптық кездесуде сөз болды.
«Қазір еліміздегі 20 әуежайдың 15-інің халықаралық мәртебесі бар. Олардың 10-ы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының санатына ие болды. 2016 жылға дейін барлық әуежайларды қайта құруды аяқтау жоспарланып отыр. Шет елдермен әуе қатынасы кеңейеді. Алдағы 2 жылда қосымша жаңа 15 халықаралық бағыт ашылады», - дейді ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, ел үкіметі «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясына үлкен қолдау көрсетуде. 2011 жылы компания 15 жаңа ұшаққа тапсырыс берді.