Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды – Президент

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды – Президент

Мемлекет басшысының сөзінше, болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі.

«Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада тұрғындар саны орташа алғанда жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.