«Алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тәуелсіздік тұлғасына 20 жазба» атты мақала жарияланды. Онда еліміздің 20 жылда жүріп өткен жолы, елде атқарылған істер мен қол жеткізілген жетістіктері сарапталған. Сондай-ақ онда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі жөнінде егжей-тегжейлі жазылады. Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында түрлі айдарлармен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мақалалар топтамасын берген.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, АҚШ-тың белгілі ғалымы, педиатр дәрігері Харви Карп «Баланы тыныштандыру өнері» атты еңбегінде ата-аналарға жылаған баланы жедел жұбатып, оны тыныш та тәтті ұйқысына қайта бөлеудің тәсілдерін зерттеген ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесін жазған. Қызығы батыс пен шығыстың баланы жұбату өнерін зерттеген ғалым экономикасы қарыштап дамыған батыс әлемінің бұл нәзік тәрбие ісіне келгенде, шығыстан көш бойы кейін қалғанын мойындайды. Оның зерттеуінше, қазақтың бесік тәрбиесі - бала тәрбиесінің төресі! Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақ бесігінен безінеді...» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.
Осы басылымның жазуынша, елімізде жаңа мейрам пайда болды. Ол - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні деп аталады және қыстың алғашқы күнінен сәйкес келмек. Өткен сенбіде өзінің жалпы отырысында Сенат осындай шешім қабылдап, оны «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына толықтырулар түрінде рәсімдеді. Мерекенің неліктен бұлай аталғандығын және осы мерекенің мән-мағынасы жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Елімізде жаңа мереке пайда болды» атты мақаладан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Елдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек» атты мақала жарияланды. Онда өткен аптада Нюй-Иоркте өткен Қазақстан-
Америка инвестициялық форумында көтерілген мәселелер сөз болады. Осы жиында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде баяндаған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Кәрібжановтың айтуынша, әлемдік дағдарыстың жаңа толқыны мүмкіндігін есепке алған қор Алдағы дамудың басым бағыттарын айқындап қойған. Оның ішінде индустриялық жобаларға инвестиция құю бағытына айрықша мән беріледі. Осы жиында көтерілген осы және өзге де мәселелерді «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевпен болған сұхбатты жариялапты. Онда бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің бүгіні мен ертеңі жөніндегі ойларымен бөліскен академия президенті «Меніңше енді 20 жылдан кейін қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады. Сапасыз әрі рұқсатсыз газеттердің жойылып кету есебінен сапалы газеттердің таралымы өседі. Бұл олардың сапасының одан ары артуына себеп болады. Қазақтілді телеарналар міндетті түрде өзінің көрермендерін табады»,-дейді ғалым. Бұл сұхбат «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады» деген тақырыппен жарияланған.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Им по плечу и бизнес, и политика» атты мақала жарық көрді. Аталмыш мақалаға кеше елімізде өткен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Мақалада Қазақстанда қазақ әйелдерінің лидерлік қасиеттерін ашатын арнайы мектептер бар екендігі айтылады. Сондай-ақ осы комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова комиссия қызметінің болашақта гендерлік теңдікті қамтамасыз етумен байланысты болатынын атап көрсеткен. Осы жиында көтерілген мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымынан кеңірек білесіздер.