Алдағы 4 жылда 10 мемлекеттік орган «е-Статистика» жүйесімен интеграцияланады - Ә. Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 4 жыл ішінде еліміздің 10 мемлекеттік органы «е-Статистика» ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын болады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті. Еске салайық, Мәжілісте Статистика комитетінің ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау және мемлекеттік органдарда әкімшілік есепке алу нысандарын ұтымды ету барысы талқыланған болатын.

Алдағы 4 жылда 10 мемлекеттік орган «е-Статистика» жүйесімен интеграцияланады - Ә. Смайылов

Комитет басшысының айтуына қарағанда, 2009 жылдан бері статистика саласында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Соған орай, былтырғы жылы «е-Статистика» ақпараттық жүйесіне Құрылыс істері комитетінің мемлекеттік жер кадастрі, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару комитеті, сондай-ақ «Шығыс Қазақстан облысы әкімінің ситуациялық орталығы» қосылған. Нәтижесінде қазіргі таңда «е-Статистика» ақпараттық жүйесіне интеграцияланған мемлекеттік органдар саны 20-ға жетіп отыр.

«Алдағы жоспарға келсек, біздің комитет «е-Статистика» ақпараттық жүйесімен интеграциялау бағытында арнайы Жол картасын әзірледі. Ол бойынша алдағы төрт жылда аталған жүйеге тағы 10 мемлекеттік органды интеграциялау қарастырылады. Бұлпардың арасында 2015 жылы Энергетика министрлігіне қарасты «Жер қойнауын пайдаланушыларды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі», «ҚР табиғи байлықтарының мемелкеттік кадастрі», «Инвестиция және даму министрлігінің «Жобалар кеңсесі» жобаларды басқарудың жүйесі бар», - дейді Ә. Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, жоспар бойынша 2016 жылдары Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар веб-порталы, 2017 жылы ҚР Ұлттың банкінің шлюзі, 2018 жылы Қаржы министрлігінің интеграцияланған салықтық ақпараттық жүйесі «е-Статистика» жүйесіне қосылатын болады. «Жалпы, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау тікелей мәліметтер базасы арқылы электрондық түрде мәлімет алмасуға мүмкіндік беріп, статистика өндірісі үшін әкімшілік мәліметтерді мейлінше қамтуға септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде статистика сапасын жақсартып, респондерттерге түсетін ауыртпашылықты азайтады», - деді комитет басшысы.