Алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу өнеркәсібі 40 пайызға артады - Е. Досаев
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта елімізде өңдеу өнеркәсібінің өсімі де болжанады. Мәселен, 5 жылда өңдеу өнеркәсібі 40 пайызға, тау-кен өнеркәсібі 20 пайызға артады.
Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Жоспарланған өсім қарқындарын қамтамасыз ету және сыртқы тәуекелдердің Қазақстан экономикасына жағымсыз ықпалын төмендету мақсатында, сондай-ақ тұрақты макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз ету, экономика өсімін сақтау үшін 2013-2015 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспар әзірленгені белгілі. Ақпан айының басында бұл жоспар жаңартылып, әлемдік экономика және мұнай мен металлургияның әлемдік бағасына байланысты ықтимал даму сценарийлері ескерілді», - дейді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, дамудың үш сценарийі қарастырылып отыр. Олар - базалық, пессимистік 1-ші және пессимистік 2-сі сценарий.
Бұл ретте дамудың базалық сценарийі шеңберінде Үкімет прагматикалық-экономикалық саясат ұстанады. Ол экономиканы әртараптандыру, кең ауқымды кәсіпкерлікті дамыту, инновацияны жандандыру және жаңа жұмыс орындарын құру негізінде жоспарланған серпінді өсуді қамтамсыз етеді.
«Макроэкономикалық саясатты қамту үшін бюджеттік саясаттың теңгерімділігіне және мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Мемлекеттік борышты және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қалыпты деңгейде ұстау үшін жалпы ішкі өнімге қатысты бюджет тапшылықтарын, мұнай емес сала тапшылығының өсуін тежеу жоспарланған. Квазимемлекеттік сектор борышының өсуін бақылау қамтамасыз етіледі», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қорда мұнай табыстарын жинақтау және оларды ел дамуының стратегиялық мақсаттары үшін тиімді пайдалану саясаты бұдан әрі де жалғасатын болады.