Алдағы 5 жылда Қытайдың газға сұранысы еселене түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу бес жылдың ішінде Қытайдың табиғи газға сұранысы еселене түсетін болады. Бұл жайында Халықаралық энергетикалық агенттіктің баяндамасында деректер келтірілген, деп хабарлады Би-би-си.

Алдағы 5 жылда Қытайдың газға сұранысы еселене түседі

Бұл болжам Қытай экономикасы өсімінің күрт қарқын алуы және ел билігінің атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында энергия өндіруді көмірден газға алмастыруға талпынысы негізінде жасалған.

Агенттік мәліметтеріне сәйкес, Қытай газды сырттан тасымалдайтын ірі ел болып қала береді. Дегенмен, қажетті газдың шамамен жартысына жуығы ішкі ресурстар, оның ішінде тақтатас газ есебінен қанағаттандырылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының соңында Мәскеу Еуродақтың Қырымның РФ-ға қосылуына байланысты жасаған санкциясына жауап ретінде Бейжіңмен Қытайға жылына 38 млрд. текше метр газ жеткізу келісімшартына қол қойған болатын.