Алдағы 5 жылдың ішінде 120 мыңнан астам ұстаз біліктілігін арттырады - Б.Жұмағұлов
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Алдағы 5 жылдың ішінде 120 мыңнан астам ұстаз біліктілігін арттырады. Бұл туралы бүгін елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өз жұмысын бастаған жалпы білім беретін мектептер педагогтарының біліктілігін арттыру курсы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылдан бастап еліміздің ұстаздары Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» ұлттық педагогтардың біліктілігін арттыру орталығынан үш деңгейлі оқыту бағдарламасына сәйкес дайындықтан өтеді. Аталған бағдарламаны Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтары Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген.
«Педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жаңғыртып, қайта іске қосуға арналған бесжылдық жоба еліміздің 120 мыңнан астам педагогын оқумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл оқытушылар корпусының шамамен жарысына тең», - деді ол.