Алдағы аптада Қазақстанда киік санағы басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 7 сәуірінде Қазақстанда жануарлар әлемі ресурстарын сақтау, қайта өндіру және тиімді пайдалану бағдарламасын іске асыру аясында киіктердің бетпақдалалық, үстірттік және оралдық таралымдарына авиасанақ және мониторинг жүргізіле бастайды.
«Аталған іс-шараларды ҚР ҚОСРМ орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі жүргізеді. Сонымен қатар, осы жұмысқа ғалымдар, орман және аңшылық шаруашылығының облыстық аймақтық инспекциясының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен қоғамдық табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері тартылмақ», - делінген министрлік баспасөз қызметінің мәліметінде.
Киіктерді әуеден санау екі АН-2 ұшақтарының көмегімен жүргізілмек. Бір әуе кемесі киіктердің Бетпақдала таралымы ареалында, ал екіншісі Үстірт және Орал таралымдарының мекендейтін жерлерінде қолданылады.
Атап айтқанда, 2014 жылы киіктерге авиасанақ жүргізу ісіне 230 ұшу сағаты бөлініп отыр. Бетпақдала таралымы киіктерін санау Қарағанды және Қостанай облыстарының аумақтарында 10 сәуірде жүргізіле бастайды.
Орал таралымын санау 7 сәуірде басталып, Батыс Қазақстан облысы аумағында өтеді. Ал Үстірт таралымы киіктерінің санағы Ақтөбе облысы аумағында, ақбөкендердің оралдық беттегі өсіп-өнуі саналып біткеннен кейін жүргізіледі. Қазақстанды мекендейтін киіктердің нақты саны санақ мағлұматтары өңделгеннен кейін анықталады.
2013 жылғы мағлұматтар бойынша Қазақстанды мекендейтін киіктер саны 187 мың басқа жетті. 2003 жылғы деректерге сәйкес киік саны 21 мың бас болатын.