Алдағы аптада Мәжіліс депутаттары мұнай, авиация, көлік және кеден одағына қатысты заң жобаларын талқыға салады
Бұл жөнінде бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысындабелгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бюро отырысындаМәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер қаралды. Депутаттардың талқысына кейбір заңнамалық актілерге мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтуге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарау мәселесі ұсынылатын болды. Сондай-ақ бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқыға салу көзделіп отыр.
Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары енгізілетін болды.